Қазақстанда қауымдастырылған профессор немесе доцент ғылыми атағы бар ғалымдарға 25 АЕК және 50 АЕК шамасында арнайы төлемақы тағайындалады. Бұл туралы 25 қаңтарда Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки мәлімдеді. 

Вице-министр «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасына қатысты түсінік берді. 

«Бұл құжат жобасындағы негізгі жаңалықтарға тоқталсақ, ғылым саласындағы басқару жүйесіне қатысты. Себебі қазір жаңа құрылымдар іске қосылып жатыр және олар бір-бірімен үйлесуі керек. Сондықтан құрылымдық байланысты басқару жүйесіне сәйкес келтіру нормалары енгізілген. Екіншіден, Ұлттық ғылым академиясы жаңа статусқа ие болады. Соның аясында жаңа бағыттар қамтылады. Үшіншіден, технологиялық саясат бойынша зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуді бағалау жүйесін енгізу қарастырылған. Нәтижесінде, осы бағыттағы қаржыландыру да өзгереді», – деді ол.

Оның айтуынша, венчурлық қаржыландыру мен техникалық бизнес-инкубатор идеясын жергілікті деңгейде дамыту ескеріліп, жаңа заң жобасына енгізілген.

«Мұнымен қоса, әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылды. Ғылыми дәрәжеге (Phd) сәйкес бұрындары тиісті төлемақы берілетін. Соған қосымша қазір ғылыми атаққа беріледі. Ғылыми атақ дегеніміз – қауымдастырылған профессор немесе доцент. Профессор атағын алу өте қиын. Қорғағаннан кейін жас ғалымдар бір орында тоқтап қалмас үшін осындай төлемақы ұсынылды. Төлем сомасы 25 АЕК және 50 АЕК шамасында болады. Профессорларға ай сайын тиісті төлем жасалады», – деді вице-министр.

Бұдан бөлек ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету нормасы ұсынылған.

«Жақында Отбасы банк жас ғалымдарға пәтер беретін жаңа бағдарламаны іске қосты. Ал енді жаңа заң жобасы аясында бұл бастама кең ауқымда таралады деген ойдамыз. Отбасы банкімен жасалған меморандумға сәйкес, алғашқы болып 100 жас ғалымға (төмендетілген пайызбен ипотека), содан кейінгі жылдары олардың саны артады. 2026 жылға дейін бір мың адам баспаналы болады. «Ғылым және технонологиялық саясат туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін, келешекте мемлекеттен де қаржы бөлінетін шығар. Мұндай қолдау жастарға болашаққа деген сенімділік береді. Себебі, бұл олардың тек ғылыммен айналысуға септігін тигізеді», – деді ол.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазір елімізде 22 мың ғалым бар. Тұжырымдамаға сәйкес, 2029 жылға дейін олардың саны 29 мыңға жетеді.

Қазақстандағы 22 мың ғалымның 50 пайызында ғылыми дәреже бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз