Қазақстандық оқушылар жасанды интеллект бойынша халықаралық жарыста жеңімпаз атанды

0
231
Қарағанды қаласындағы №2 лицейінің 11 сынып оқушылары Даниил Кикимов пен Вадим Мажитов.

Қарағанды қаласындағы №2 лицейінің 11 сынып оқушылары Даниил Кикимов пен Вадим Мажитов Artificial Intelligence Journey жасанды интеллект және деректерді талдау бойынша Халықаралық конференцияның жеңімпаздары атанды. Бұл жөнінде білім және ғылым министрлігі хабарлады.

“Оқушылар білім беру саласында технологиялық шешімдерді ұсынды және оқушылардың қызығушылықтарына байланысты контентті дербестендіруге мүмкіндік беретін әзірлемені таныстырды. Жоба үздік деп танылып, қазақстандық оқушылар “Білім берудегі жасанды интеллект” номинациясында абсолютті жеңімпаз атанды”, – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Жарыста 100-ден астам мемлекеттен келген 25 мыңнан астам оқушы бақ сынаған .

Халықаралық конференция Мәскеуде өтіп, оған Ресей президенті де қатысқан. Владимир Путин қарағандылық оқушыларға алғыс айтқан

“Егер адамның оқитын пәнге деген қызығушылығы болса, онда нәтижеге қол жеткізетініне сенімді бола аласыз. Сіздердің әзірлемелеріңіз оқушылардың бойында мотивацияны, қызығушылықты арттыруға бағытталған. Бұл керемет бастама!”, — дей келе, Владимир Путин қазақстандық оқушыларға жылы лебізін білдірген.

Байқау жеңімпаздары жасанды интеллектті сабақта қолдану оқушылардың мектеп пәндеріне деген ынтасы мен қызығушылығын арттыратынын айтады. Вадим мен Даниил жобаның мазмұнды жекелендіру алгоритмі білім беру тиімділігін кем дегенде 10-15% арттырады деп санайды.

“Біз мектеп тапсырмаларының мәтінін мағынасын бұрмаламай және оқушының қалауына байланысты өзгерте алатын алгоритм жасадық. Математика мектебінде негізінен тапсырма беріледі, мысалы, велосипедші мен автомобильші туралы. Біз осындай көптеген есеп шештік және олардың ешқайсысы есте сақталған жоқ. Сондықтан біз тапсырмалардың мазмұнын әртараптандырамыз деп шештік және оқушыларға мазмұнды қызығушылықтары бойынша таңдауға мүмкіндік беретін алгоритм жасадық. Мысалы, велосипедшінің орнына жануарлар немесе ғарыштық құрылғылар туралы тапсырмалар болуы мүмкін. Әр кілт сөз үшін бірнеше сөз таңдалады, олар тапсырманың жаңа нұсқасында ауыстырылады. Модель мәтінді талдайды және сөздердің формаларын екі рет тексереді: етістіктер етістіктерге, зат есімдерге сәйкесінше ауыстырылады. Біз кодтың сапасына және есепті шешу техникасына ерекше назар аудардық”, — деді Artificial Intelligence Journey жеңімпаздары Вадим Мажитов пен Даниил Кикимов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз