Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайынғы “Үздік ғылыми қызметкер” сыйлығына конкурс жариялады. Байқаудың қорытындысы бойынша үздік ғалымдарға 50 сыйақы тағайындалады. Сыйақы мөлшері 2000 АЕК (6 126 000 теңге). Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, конкурс мақсаты – отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің еңбегін көтермелеу.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер министрліктің https://scicontest2022.iac.kz ақпарат жүйесі арқылы электронды форматта 3 желтоқсанға дейін қабылданады.
Үміткерлердің ғылыми жетістіктері ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, ғылыми жарияланымдары мен монографияларының болуы, ғылыми жобалар мен бағдарламаларға басшылық жасау сияқты критерийлер бойынша бағаланады. Бұл ретте үміткер соңғы жылы университетте кемінде бір пәнді жүргізіп, сондай-ақ соңғы 3 жылда философия докторы (PhD) немесе сала докторы ғылыми дәрежесі бар кадрларды даярлауы және ғылыми зерттеулердің сапасын, нәтижелілігін және әсерін арттыруға бағытталған қоғамдық жұмысқа қатысуы міндетті. Сонымен бірге байқауға қатысушы ғылыми әзірлемелерінің өндіріске енгізілуі бойынша нәтижелерін ұсынуы қажет.