Білім министрі: Тиісті деңгейде білімі жоқ жас педагог балалармен жұмыс істемеуі керек

0
498
Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғарғы оқу орнын жаңадан тәмамдаған жас педагог мамандардың жұмысқа орналасу тәртібі және алғашқы пилоттық тестілеу нәтижесі туралы Facebook парақшасында жазба жариялады.

Министр жас педагог ЖОО-да сапалы білім алса жұмысқа орналасу үшін тапсыратын сынақта қиналмайтынын айтады.

“Төрт жыл бойы математика (ав. кез келген пән) мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады. Жоғары оқу орнында шын мәнінде төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды”, – деді Аймағамбетов.

Білім министрі бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайтынын жеткізді. Ол сан емес, сапаның маңыздылығына тоқталды.

“Тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер балалармен жұмыс істемеуі керек”, – деді министр.

Асхат Аймағамбетов университетті педагог мамандығы бойынша жаңадан бітірген жас мамандар жұмысқа кірер алдында тапсыратын пилоттық сынақ нәтижелері туралы да айтты.

“Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмендеткенімізге қарамастан түлектердің 46 пайызы ғана қажетті балл жинағай алғанын айта кеткен жөн. Бұл – тест тапсырған 32 мың түлектің 15 мыңы ғана. Ақпарат ретінде айта кетейін, жыл сайын білім беру ұйымдарына 12-14 мыңға жуық педагог жұмысқа орналасады. Яғни, бұл шара мұғалім тапшылығына айтарлықтай әсер етпейді”, – деді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз