Биыл ауыл мектептерінің автопаркі 515 жаңа автобуспен толығады

0
179
photo: times.kz, Мектеп автобусы

Биыл ауыл мектептерінің автобус паркі 515 автобуспен жаңартылады. Әсіресе мектептері жоқ шалғайдағы халқы аз ауылдарда тұратын балалар автобуспен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі хабарлады.

«Биыл өңірлер мектептерін балаларды тасымалдауға арналған жаңа көліктермен қамтамасыз ету мәселесі республикалық деңгейде шешіліп, жаңа автобустар алуға қаржы бөлініп жатыр. Бүгінгі таңда 25 мыңнан астам оқушы көлікке мұқтаж. Мектеп автобустарына жоғары қажеттілік Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы, Павлодар және басқа да облыстарда байқалады»,деді балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Қазіргі күні барлығы 1 000-нан астам мектеп автобусы қатынайды. Қаржылық лизинг бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шарттармен елімізде құрастырылған жаңа автобустар сатып алынады. Бұл тетік ел мектептерінің барлық автобус паркін кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.

«Балаларды тасымалдауда барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында біз сатып алынатын көліктерге қойылатын техникалық талаптарды әзірлеп, белгіледік. Онымен қоса, көліктер қауіпсіздік белдіктері бар балалар орындықтарымен, салонда балаларды қалдыруды болдырмайтын жүйемен, кабинаның артқы жағындағы авариялық шығумен жабдықталуы керек. Сонымен қатар балаларды мектеп автобусымен тасымалдау кезінде мектеп директорының бұйрығымен бекітілген арнайы қызметкер алып жүруі қажет», – деп түсіндірді Дулат Жекебаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз