Муаммер Гүл: Мұғалім өз мамандығын сүюі қажет

0
518

3 қазан күні Нұр-Сұлтандағы “Қазақстан” орталық концерт залында “UZDIK PEDAGOG 2019” конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биылғы конкурстың ерекшелігі – байқау жеңімпаздарын құттықтаумен қатар олардың біріне қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорымен “Қазақстан мұғалімі” сыйақысы берілді.

Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Дариға Назарбаева үздік ұстаздарды құттықтады.

Іріктелген 10 ұстаздың арасынан қазылар алқасы үздік деп тапқан Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицейінің математика пәні мұғалімі Муаммер Гүл “Әлем мұғалімі-2020” халықаралық конкурсына өтіп, 4 миллион теңге көлемінде сыйақыға ие болды.

 

Қазылардың шешімімен “Әлем мұғалімі-2020” халықаралық конкурсына өткен Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицейінің математика пәні мұғалімі Муаммер Гүл.

Мамандықтық төресі – мұғалім

Іс-шара аяқталар тұста Қазақстанның ең үздік мұғалімімен сұхбаттасудың сәті түсті.

“Қазақстанда ұстаздық еткеніме 25 жыл болды. 14 жыл Ақтөбеде, 11 жыл осы Елордада жұмыс істеп жатырмын. Сыйлық алғанда әрине қуандым, көңілге жақсы ойлар келді. Марапатталуыма себеп болған шәкірттерімнің олимпиадаларда көрсеткен нәтижелері деп ойлаймын. Жыл, ай, күніміз түрлі олимпиадаларға дайындықпен өтеді. Осы уақытқа дейін 2413 оқушымыз халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз болыпты. 

Муаммер Гүл шәкірті Әлихан Құдайбергеновпен.

Мұғалім ең алдымен мамандығын жақсы көруі қажет. Егер өз мамандығын шын сүйсе барлығы керемет болады. Менің ойымша, кей мұғалімдер мамандығын жақсы көрмейді, табыс табуды ойлайды. Бұл дұрыс емес. Ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін ұстаз ең қадірлі мамандық.

Барша әріптестерімді, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтаймын. Зор денсаулық, мағыналы ғұмыр тілеймін. Әр күні осындай болсын деймін”, – деді ол. 

Айта кетейік, 21 мамырда “Үздік педагог – 2019” республикалық байқауы қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша да Муммер мұғалім үздік шыққан болатын. 

Биылғы жылы байқаудың республикалық кезеңіне 178 педагог қатысты. Жалпы 8 жыл ішінде аталған байқауға 35 127 педагог қатысқан.

Abdimanap KENES

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз