SPT: Жасампаз университеттен жалғасын тапқан жағымды бастама

0
180

Іргесі қаланғанына жиырма жыл енді болса да, ХХІ ғасыр талабына сай жоғары білім беріп, әсіресе ақпараттық технологиялар (IT) саласында білікті маман дайындауымен халық ықыласы мен жұмыс берушінің алғысына бөленген Сулейман Демирел университеті (СДУ) биыл да жылдағы дәстүрінен жаңылмады.

СДУ жыл сайын бір мезгілде байқау сынағы форматында SDU Proficiency Test (SPT) атты  олимпиада ұйымдастырып, мектеп бітіруші талапкерлерге 4 жылға жарамды жүздеген грант пен арнайы жеңілдіктер ұсынып келеді. Биылғы SPT-2018 олимпиадасына қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінде 12 мыңнан астам мектеп бітіруші ниет білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының адами капиталды дамыту мен жаңғыртуға бағытталған халыққа жолдауына негізделген.

СДУ ректоры Қанат Қожахмет: «4 наурызда Сулейман Демирел университеті ұйымдастырған SPT олимпиадасына бір уақытта Қазақстанның 19 қаласынан 12 мыңнан астам түлек қатысты. Олимпиада нәтижесінде 300 грант пен жеңілдіктер беріледі. Бұл жас түлектерге жақсы мүмкіндік деп ойлаймыз», –дейді.

Осымен төртінші рет өткізілген олимпиаданың географиясы кеңейіп, республика аумағындағы ірі қалалар мен шалғай аудандарды да қамтыды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ақпан айының 1-28 аралығында республика бойынша олимпиадаға қатысуға 12086 талапкер ұсыныс білдірген. Ең көп қызығушылық танытқан өңірлер көшін алматылықтар бастады: оңтүстік астанадан 2782 талапкер қызығушылық танытқан, екінші орыннан шымкенттік оқушылар (1444) көрінсе, үштікті елордалық талапкерлер (875) тәмәмдаған.

Сонымен қоса олимпиадаға қатысуға ниет білдірген талапкерлерден 592 оқушы құжатын рәсімдеуде түрлі қате жіберіп, жауап парақтары жарамсыз деп танылған. Ал 202 оқушы ұялы телефон мен қосымша көмекке жүгінгені үшін емтиханнан шеттелген. Олимпиада шарты бойынша қатысушылар бір мезгілде алты кластер (физика, математика, география, химия-биология, ағылшын тілі, әдебиет, тарих пәндері)  бойынша тестілеу емтиханын тапсырды.

Аймақтарда байқау облыс орталықтарындағы тестілеу орталықтарында өткізілсе, Алматы талапкерлері үшін іс-шара СДУ-дың бас кампусында ұйымдастырылды. Айта кеткен жөн, талапкерлермен бірге шараға 400-ге жуық ата-ана да атсалысты. Олимпиада қатысушыларына арнайы Ашық есік күні өткізіліп, емтиханнан соң талапкерлер назарына университеттің білім беру жүйесі туралы кеңінен ақпарат беріліп; мамандық таңдау, факульттермен танысу, белді сарапшылардан кәсіби кеңес алу, университет кампусы жайында қызықты квестке қатысу, шеберлік сағаттар мен шет тілдерін үйрену бойынша сынақ сабақтардан өту және танымал вайнерлердің қатысуымен ауқымды мәдени ойын-сауық бағдарламаға қатысу мүмкіндігі ұсынылды.

Бір апта бойы СДУ тағайындаған сарапшылар тестілеу нәтижелерін қорытындылап, жеңімпаз атанған ең үздік талапкерлерге 100% білім гранттары мен сертификаттар тағайындайды. Бір айта кетерлігі, СДУ ішкі грантына ие болған жеңімпаздар ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылмайды. Жоғары оқу орнында оқуын жалғастыру үшін талапкер кем дегенде 50 ұпай жинауы тиіс.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз