Кез келген елдің өсіп, өркендеуі үшін сол мемлекетте білімнің, ғылымның дамып, өркендеуі маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ал әр салаға мемлекеттің көңіл бөлгенін және дамытуға ден қойғанын жүйелі саясат пен қаржыландыру тетіктерінің жетілдіруімен бағалауға болатындай. Қазақстанда білім саласына бөлінетін қаржы жыл санап еселеп өсіп жатыр. Оған бұл салаға бөлінетін қаржының 2018 жылы 1,9 трлн теңгеден 2022 жылы 4,5 трлн теңгеге артқанын мысал ретінде айтуға болады. Ал бұл қаржы қаншалықты дұрыс игеріліп жатыр? Бөлінген қаражат нақты мақсаттарға жұмсалып жатыр ма? Білімге бөлінген қаржыны талантаражға салғандармен антикор қалай күресіп жатыр? Бұл мақалада Қазақстанның білім саласындағы жемқорлық фактілері мен оған қарсы күресті және жоғарыдағы сұрақтарға жауап іздеп, талдап көрмекпіз.  

БИЫЛ ӘШКЕРЕЛЕНГЕН ІРІ АҚША ЖЫМҚЫРУ ФАКТІЛЕРІ

2023 жылы елімізде білім саласында 140-тан астам жемқорлық фактісі анықталды. Бюджетке 7 млрд теңге шығын келген. Ал соңғы үш жылда 400-ден астам қылмыс тіркеліп, қазынадан 12 млрд теңге түрлі жолмен ұрланған. Оның жартысына жуығы қайтарылғанымен, әзірге қалған сомаға қол жеткізе алмай келеміз.

Мысалы, бір ғана Жетісу облысында білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4 млрд теңгеден астам қаржыны қалтаға басқан.

Антикор басшысы Асхат Жұмағалидің айтуынша, мұндай қылмыстар республиканың барлық өңіріне тән болғанымен, олардың ең көп саны Шымкент қаласына, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Осы жылы аса ірі көлемде тіркелген жемқорлық фактілерінің бірқатарын мысалға келтіре кетейік.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі сәуір айында Қызылорда облысында Жаңақорған аудандық Білім бөлімінің басшысы мен бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі тергеді. Онда білім беру мекемелерінің қызметкерлері емес тұлғалардың есеп-шоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы 543 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген  күдікке ілінген.

Антикор Жетісу облысының прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласының білім бөлімінің қызметкерлерін де  ұстады. Аталған азаматтар білім беру саласында іс жүзінде жұмыс істемейтін үлестес тұлғалардың пайдасына жалақы түріндегі өтеусіз аудару жолымен аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жүйелі негізде ұрлады деген күдікке ілікті. Алдын ала келтірілген залал сомасы шамамен 2 млрд теңгені құрады.

Жетісу облысы бойынша Антикоррупциялық қызмет Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізген. Ол Білім бөлімінде бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.

Өз кезегінде пара берген адамдар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау туралы іс бойынша негізгі айыпталушылар саналады және соттың санкциясымен қамауда ұсталуда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті үкімді сот шығаратын болады.

АНТИКОР МЕН ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСІП ЖАТЫР?

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Оқу-ағарту министрлігі орта білім беруді қаржыландыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге келіскенін білеміз.

Мұндай шешім Антикор мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен отырысында қабылданды. Бірлескен талдаудың басталуына білім беру саласындағы түрлі сыбайлас жемқорлық қылмыстар себеп болған.

Тек кейінгі 3 жылда осы салада 300-ден астам жемқорлық құқық бұзушылық тіркелді, оларды жасауда 200-ге жуық адам әшкереленген.

Жалпы қылмыстар республиканың барлық өңірлеріне тән бола тұра, олардың ең көп саны Шымкент қаласына, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласының білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты соңғы резонанстық істер елеулі жемқорлық схемаларының бар екендігін растайды.

Алдын ала зерттеу барысында қаражатты ұрлау бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру сатысында жүретіні анықталған. Бұл ретте мектептердің, білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері және басқа да адамдар сөз байласады. Қаржыландыруды алғаннан кейін қаражат қалалық, аудандық білім бөлімдеріне бөлінеді, ал үнемделген сома еңбекақы төлеу қорына аударылады.

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖАСЫРҒАН АУДИТОРЛАР

Білім саласындағы жемқорлық қылмыстары мемлекеттік аудиторлардың жасыруымен жасалғаны қылмыстық істер материалдарымен расталған.

Мәселен, Жетісу облысында бюджет қаражаты «өмірде жоқ адамдардың» шоттарына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру мен иемдену арқылы ұрланған.

Тергеу барысында Алматы облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы 500 мың теңге сомасында пара алғаны әшкереленді. Ол Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін пара алған. Қазір ол аудитор сотқа тартылды.

Осыған ұқсас факт Алматы облысында да анықталды, онда облыстық тексеру комиссиясы бөлімінің басшысы Қарасай ауданының білім бөлімінің бухгалтерінен аудиторлық тексерудің оң нәтижелері үшін 1 млн теңге сомасында пара алған.

Сонымен қатар, Түркістан облысында мемлекеттік ревизор – облыстық тексеру комиссиясы бас инспекторының қылмысы әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАСАУДЫҢ СХЕМАЛАРЫ ҚАНДАЙ? 

Антикор интеграцияланған талдау тәсілін пайдалана отырып, салада жылдар бойы жолға қойылған сыбайлас жемқорлық схемаларын ішінен егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік алыпты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан бойынша білім беру саласындағы тұтас қылмыстық схемалар ашылды. Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларының, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалған.

Мәселен, мектеп директорлары мен есепшілері бухгалтерлік есеп жүйелерінің қазынашылықпен және басқа деректер базаларымен өзара интеграцияланбағанын, әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істейтінін пайдаланып, бюджет қаражатын молынан жымқырып келген.

Жаппай белең алған бұл қылмыстарды әкімдіктердің білім бөлімдерінің басшылары мен мемлекеттік аудиторлар бүркемелеп отырған.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде білім саласындағы схемалар түрлі шенеуніктерге кем дегенде 7,9 миллиард теңгені қалталарына басуына мүмкіндік беріпті. Оларға қатысты 102 қылмыстық іс тіркелген. Бұл тек басы ғана болса керек. Себебі, Қаржы министрлігінің мәліметінше, білім саласы еліміздегі ең шығысы көп саланың бірі саналады. Нақтылағанда, республикалық бюджеттен 2023 жылы білім беру жүйесіне 729 миллиард теңге бағытталған.

Антикордың мәліметінше, саладағы жүйелі коррупция мемлекет жүргізіп отырған реформаларды жоққа шығарады. Салдарынан, “білім саласы елдегі ең көп жемқорлық жайлаған саланың біріне айналды”. Қылмыстық құқық бұзушылықтар саны жөнінен соңғы жылдары білім саласы антилидерлердің көшінің басында тұрақты, берік орын алды. Агенттіктің дерегінше, 2020 жылдан бастап, 2023 жылғы 5 айда көшті ауыл шаруашылығы бастап тұр – 382 қылмыс тіркелген. Содан соң білім беру саласы орналасты – 343 қылмыс ашылды. Ашылмағаны қанша? Бұл қылмыстық істер аясында әзірге 143 тұлға сотталған.

Осы жылы бір ғана Қызылорда облысында 12 мектептің бухгалтері үш жыл бойы бюджет қаржысын ұрлап келгені анықталды. Олардың жемқорлық істерін аудандық білім бөлімінің басшысы және бас есепшісі бүркемелеп отырған. Олар 1 миллиард теңгеден артық қаражат ұрлады. Антикор ұқсас қылмыстар еліміздің барлық өңірінде тіркелгенін мәлімдеді. Талдықорғанда білім шенділері елді 4 миллиард теңгеге тонаған.

Орта білім саласы жемқорларының қолданатын айла-шарғыларының арсеналы орасан. Мысалы, “мұғалім таппай жатырмыз” деп, вакансиялар қорын ұзақ уақыт бойы жасанды түрде ұстап тұрады. Оған “өлі жандарды” алып, жалақы аударады. Параға педагогтердің жұмыс өтілін жалған өсіріп береді, категорияларды негізсіз тағайындайды. Сырқаттану парағына, декреттік демалысқа қажетті сомаларды қолдан ұлғайтады. Мектепте оқитын оқушылар санын қосып жазатындар жетерлік.

Тексерушілер білім саласындағы былықтардың ұштығын табу қиын екенін жасырмады. Бұрмалаулар жаппай орын алады. Олардың бәрін тексеріп, салғастырып отыру өте күрделі іс. Себебі, салада бюджетті қалыптастырудан бастап, өтініштерді бағыттау, оларды жиынтықтау және басқа да процестері автоматтандырылмаған. Әлі күнге дейін барлығы қағазда басылады, қолмен тасылады.

Айта кетейік, сала шенеуніктері қағаздан тау тұрғызады. Мысалы, еліміздегі ең шағын өңір саналатын Солтүстік Қазақстан облысына тексеріспен барған мамандарға бір ғана ауданның білім бөлімі бір ғана бюджеттік өтінімдердің 50 мыңнан астам парағын қораптарға толтырып әкелген.

Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында мектеп директорларының бюджетті қалыптастыру үшін мүлдем бюджеттік өтініш бағыттамауының фактілері әшкереленді.

Агенттік білім беру саласында өтінімде бюджетті асыра көрсету схемасы қолданылатынын анықтады: нәтижесінде, жыл соңында қомақты сомада қаржы үнемделеді. Білім беру бөлімі ары қарай ол ақшаны ұрлық схемасына қатысатын мектептер арасында бөліске салады. Антикор білім беру мекемелерінің бухгалтерияларын орталықтандыру бойынша іс-шараға бастамашы болды. Бұл шара заңсыз аударымдар мүмкіндігін техникалық тұрғыдан жояды деп күтілуде.

Білім беру ұйымдарында азаматтардың мектеп бюджеті туралы ақпаратқа толық қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін бұлтты технологияларды енгізу басталды. Бұл бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЛПЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

2023 сыбайлас жемқорлық аз елдер рейтингінде Қазақстан тізімнің соңғы жағында: 87 мемлекеттің ішінде 75 орында тұр. Рейтинг 10 негізгі санат бойынша 73 негізгі критерийді ескере отырып, жұмыспен қамтылған азаматтардың сауалнамаларына негізделген.

Қазақстанда осы жылдың  қаңтар–тамыз айларындағы қорытындысы бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 1,2 мың сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл былтырғыдан 17,7% аз көрсеткіш. Оның ішінде 855 іс – ауыр қылмыс, 283 іс – орташа ауыр қылмысқа, 43 іс – аса ауыр қылмыс, 41 іс – ауыр емес қылмыс.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз