Қазақстанда Pfizer салдыра алатын топтар көбейді

0
185
Нұр-Сұлтанда Pfizer вакцинасын салдырып отырған жасөспірім. 15 қараша 2021 жыл.

19 ақпаннан бастап елде коронавирусқа қарсы Pfizer-BioNTech екпесін салдыратын азаматтар категориясының ауқымы кеңейтілді. Егер бұрын бұл екпе тек жасөспірімдер, аяғы ауыр әйелдер мен емізіп жүрген аналарға ғана арналса, қазір оны 1,2,3-топ мүгедектігі бар адамдар, вакцинаның бірінші дозасын шетелде салдырған азаматтар салдыра алады. Бұрын Pfizer екпесін тек 60 жастан асқандар ғана қайта салдыра алатын, қазір 50 жастан жоғары және мүгедектігі бар адамдар қосымша дозасын салдыра алады.

Ресми мәлімет бойынша, 19 млн халқы бар Қазақстанда 8,9 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. Pfizer’дің бірінші компонентін 654 мың жасөспірім және 131 мың аяғы ауыр әйел немесе бала емізетін әйел салдырған.

Өткен сенбіден бастап Қазақстанда бірқатар карантин талаптары жеңілдеді. Атап айтқанда, Ashyq қосымшасында “көк” түсті статусқа ие азаматтарға (бұл вакцина салдырмаған, жуырда ПТР тест жасатпаған, науқастармен байланысы жоқ тұрғындар) көп адам жиылатын орындарға баруға рұқсат беріледі. Мұндай жерлерге сауда орындары, спорт кешендері, діни орталықтар, түнгі клубтар, спорт нысандары кіреді. Бірақ бұл орындар 70 пайызға ғана толуы тиіс.

Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, сонымен бірге “сары” аймақтағы (яғни, вирус тарау қаупі бар) барлық қызмет түрлерінен де шектеу алынады.

Жаңа ереже бойынша, коронавирус инфекциясы жұққан науқастардың жанында болған, бірақ вирус жұқпаған адамдардың оқшаулануы шарт емес.

Кинозалдарға тамақ, сусындармен кіруге рұқсат етілді.

Министрлік мәліметінше, індет басталғалы бері Қазақстанда 1,3 млн адамға коронавирус инфекциясы жұққан. 19 мыңынан астамы вирустан қайтыс болған. Елде көп маман вирустан қайтыс болғандар мен науқастар ресми статистикада айтылған мәліметтен әлдеқайда көп деп санайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз