Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сот үкімі шықты

0
140
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

28 қазан күні Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке сот үкімі оқылды. Сот Елжан Біртановтың бостандығын бес жылға шектеді.

Біртанов “цифрлық платформа жобасы” бойынша (“билік өкілетін теріс пайдалану”, 361-бап, 4-бөлік) кінәлі танылды. Ал “санавиация бортын пайдалану” (361-бап, 3-бөлік) эпизоды бойынша ақталды. Сот Олжас Әбішевтің бостандығын төрт жылға шектеді.

“Біртанов пен Әбішев жұмыс істемейтін платформаны қабылдап алған, қажетті жұмыс атқарылмаса да жұмыстың орындалғаны туралы актіге қол қойған. Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан 1,3 млрд теңге хорват компаниясының есепшотына түскен. Осылайша үшінші тұлғаның мүддесіне қарай билік өкілетін асыра пайдалану фактісі расталды. Бұл сома мемлекетке ауыр шығын әкелді. Олардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, сараптама нәтижелерімен, куәгерлер сөзімен дәлелденді. Қазіргі кезде платформа істеп тұрған жоқ” деді үкімді оқыған судья.

Сот сонымен бірге экс-министрді өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті атқару органдарында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, квазимемлекеттік секторда, қаржы ұйымдарында қызмет атқаруға тыйым салды.

Сот үкім шығарар кезде Біртановтың кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін, Әбішевтің кәмелетке толмаған мүгедектігі бір баласы бар екенін ескерген.

Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық шағымы жартылай орындалған: Біртанов пен Әбішевтен министрліктің пайдасына 1 млрд 350 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі. Бұған қоса, азаматтық шағымды қанағаттандырғаны үшін баж салығы ретінде әрқайсысынан 20 млн 251 мың теңге өндіріліп алынады.

Ал Елжан Біртанов сот үкімі оқылғаннан кейін апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз