Елбасы Ашхабадта Азия ойындарының ашылуына қатысты

0
131

Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Ойындар «Денсаулық. Жігер. Достық» ұранымен өтуде. Спорт сайыстарына Азия және Океания елдерінен келген 65 делегацияның 6 мыңнан астам спортшылары мен ресми өкілдері қатысуда. Қазақстан құрамасы спорттың көптеген түрлерінен сайысқа түседі.

Жарыс бағдарламасына спорттың 21 түрі енгізілген. Сайыстар жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, баскетбол, футзал, теннис, тректегі веложарыс, 50 метрлік бассейінде жүзу, конкур, спорттық би, боулинг, бильярд, шахмат, тай боксы, тхэквондо (WTF), кикбоксинг, самбо, джиу-джитсу, күрес, белдесу, грек-рим күресі, еркін күрес, түрікмен ұлттық күресі бойынша өтеді.

-Президент Ашхабадқа спортшыларымызды қолдау үшін келгенін айтты

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, түркімен елінің бас шаһарында Азия ойындарына қатысып жатқан Қазақстанның спорт делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті ұлттық құраманың дайындығымен танысып, Ашхабадқа спортшыларымызды қолдау үшін келгенін айтты.

– Мұнда ойындарға қатысып жатқан елдердің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біздің құрамада да көптеген танымал чемпиондар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысына Қазақстанның ұлттық құрамасының капитаны әрі осы ойындарда таэквондодан өнер көрсететін Нұрлан Мырзабаев алғыс білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, салауатты ұлт қалыптастыру үшін отандық атлеттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті.

– Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Араларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз – дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз