Энергетикалық сусындар қаншалықты қауіпті? Әлде мұның бәрі аңыз ба?

0
247

Қазіргі таңда энергетикалық сусындар әлем бойынша лезде күш пен қуат алу қабілетінің арқасында танымал болды. Дегенмен көптеген тағамдар сияқты, бұл сусынның да оң және теріс жақтары бар. Бұл мақалада біз олардың пайдасы мен қаупін қарастырамыз.

Энергетикалық сусын – бұл кофеинмен, тауринмен, глюкозамен және басқа да үдеткіш ингредиенттермен байытылған сұйықтық. Олар адам денесіндегі қуат пен сергектікті арттыруға арналған.

Теориялық тұрғыдан энергетикалық сусын мидың белсенділігін арттырып, физикалық күш кезінде оған қарсы төзімділік пен қосымша қуат беруі тиіс. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, энергетиктердің көпшілігі сананың тұмандануына, өнімділік пен төзімділіктің төмендеуіне және олардың ингредиенттері жасушалардың сарқылуына алып келеді.

Сусынның құрамындағы кофеин ол үдеткіш қызметін атқарады. Яғни энергетик ішкен адамда қуаты көбейгендей сезім болады. Шынында ол бүйрек үсті бездеріне үлкен зиян әкеледі. Ал энергетиктерде кофеин көп. Мысалға алатын болсақ, Қазақстанда танымал «Redbull» сусынының 250 миллилитрінде 80 мг кофеин бар. «Monster» сусының 480 мл – 160 мг кофеин, Gorilla мен Dizzy сусынында 100 мл – 30 мг кофеин бар. Бұл сусындар жоқ дегенде 0,3 және 0,5 литр болып сатылады. Ал сарапшының айтуынша адам бір күнде 63 мл кофеиннен артық тұтынбауы керек.

Энергетикалық сусынның тағы бір зияны, оның құрамындағы қанттың тым көп болуы. Жоғарыда аталған сусындардың бір ыдысында 30-40 грамм арасында қант болуы мүмкін. Бұны тұтынған адамның қан құрамындағы қант мөлшері жоғарылап, нәтижесінде инсулин* гормоны бөлініп, ол қант мөлшерінің жоғарылауын тоқтатады. Осыдан кейін тұтынушыда шаршаңқылық және ашушаңдық белгілері пайда болады. Осылайша ол энергетикалық сусынды тағы да ішкісі келеді. Қарап отырсаңыз бұл бір жабық шеңбер секілді. Адамның бұл сусынға деген тәуелділігі осылай басталады.

«Бұл сусынды қан қысымы жоғары адамдарға мүлдем ішуге болмайды. Расында кофеинді аса көп пайдалану өлімге алып келеді. Энергетикалық сусынды көп тұтыну шаршағандық, бас ауруы, мазасыздық, агрессия және өзіне тәуелділікті туғызады», – дейді отбасы нутрициологы Лилия Ма.

Энергетикалық сусынға тәуелді болмас үшін нутрициолог маман Лилия Ма, суды көп ішуге кеңес берді. Осылайша сусынға деген қажеттілікті басасыз. Бұдан бөлек нутрициолог маман В тобы витаминдерін және магний ішіп, арасында жеңіл спортпен шұғылдану керектігін айтты.

Отбасы нутрициологы Лилия Ма, фото: inst/lili.health.diet

Қоғамда жаттығудан немесе спортпен шұғылданғаннан кейін бұлшықеттегі қуат азаюын, энергетикалық сусын арқылы қалпына келтіруге болады деген түсінік бар. Алайда ғылыми түрде сусындағы қант ол фруктоза болып табылады. Ал, фруктоза ешқандай бұлшықетке емес тікелей бауырға барады. Салдарынан адамның іші майға толады.

«Бұл сусынды егер, күнделікті өміріңізде тәтті, майлы заттарды тым көп жемесеңіз, немесе фастфуд жемей дұрыс тамақтанатын болсаңыз, айына бір рет ішуге болады. Бірақ дәрігер ретінде бұл сусыннан ешқандай пайда көріп тұрған жоқпын және ешкімге де ішуге кеңес бермеймін. Егер қандай да бір тәтті сусын ішкіңіз келіп тұрса, тәтті шәйді энергетикалық сусын орнына пайдаланса болады», – дейді редакция жолдаған сұрақтарға жауап берген эндокринолог және диетолог дәрігер Бурбаева Камила.

Энергетикалық сусынға қажеттілік туындамасы үшін диетолог дәрігер Камила, ұйқыны дұрыстау керектігін айтты. Себебі ұйқының дұрыс болуы гармондарға әсер етеді. Ал, энергетикалық сусын ағзадағы жетіспеушіліктің орнын баса алмайды. Бұдан бөлек шаршағанды басу үшін Д3 дәруменін пайдалану қажет.

«Әр нәрсенің шегі болуы керек. Егер сусынды қазіргі таңда ішкен болсаңыз ештеңе етпейді, тек жиі тұтынуға болмайды. Себебі энергетикалық сусынды көп ішіп, жүрекке жүктеме қатты болғандықтан инфаркт болып, қайтыс болып жатқандар бар», – дейді дәрігер Бурбаева Камила.

Эндокринолог және диетолог дәрігер Бурбаева Камила, фото: inst/gormon__shastya

Ал енді пайдасына келер болсақ, айтарлықтай көп емес. Алайда бір жолы бар:

«Егер энергетикалық сусынның пайда әкелгенін қаласаңыз, оның құрамында кофеин мен қанттың мүлдем жоқ екендігіне, тиісінше калий мен магнийдің көп екендігіне көз жеткізіңіз», – дейді америкалық дәрігер Эрик Берг.

Бұдан бөлек, дүкендерде толып тұрған энергетиктерден тек қуатымызды көбейтетін, аз уақытқа бейінімізді жақсартатын және физикалық жүктемеге қарсы тұра білетін энергия ала аламыз. Айта кету керек, бұл қуат уақытша әрі денсаулығыңызға зиян болуы мүмкін. Сондықтан дәрігердің кеңесінсіз қолданбаңыз.

*Инсулин гормоны – ұйқы безінің ағзадағы көмірсулардың алмасуын реттейтін гормоны.

Кенжеғали Мерей

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз