Коронавирустың жаңа штамы “Омикрон” туралы не білеміз?

0
295
Photo: Reuters

Коронавирустың мутацияланған жаңа штамын 11 қарашада Оңтүстік Африка Республикасының вирусолог мамандары анықтады. Мамандар вирусты B.1.1.529. (Омикрон) деп атады. Алғашқы зерттеулерге қарағанда жаңадан пайда болған “Омикрон” штамы бұрынғы штамдардан әлдеқайда тез жұғуы, оған вакцина да қарсы тұра алмауы мүмкін. 

24 қараша күні Омикрон вирусын жұқтырған алғашқы науқастар тіркеле бастады. Әлемдік БАҚ беттерінде ОАР-дан бөлек Израиль, Бельгия, Германия және Чехия елдерінде де вирус жұқтырған адамдар тіркелгені хабарланды. Дүниежүзілік медицина қауымдастығының (WMA) басшысы Фрэнк Ульрих Монтгомери жаңа штамның қауіптілігін Эболамен* салыстырды.

26 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) шұғыл мәжіліс өткізіп, нәтижесінде жаңа штамды алаңдаушылық тудыратындар тобына қосу туралы шешім қабылдады. Cарапшылар коронавирустың бұл түрін гректің omicron әрпімен атады.

Оңтүстік Африка медициналық қауымдастығының төрағасы Анжелика Кутзенің айтуынша, омикрон штамының белгілеріне бас ауруы, қатты шаршау, әлсіздік және жүрек соғысының жиілеуі кіруі мүмкін. Бұдан бөлек тамақтың ауруы мен дене қызуының көтерілуі вирус жұқтырғандардың кейбірінде ғана байқалады.

Коронавирустың жаңа нұсқасы бастапқы түрінен 50-ден астам мутациямен ерекшеленеді. Осыған байланысты ДДСҰ мұндай мутациялар сериясынан кейін ағымдағы диагностика, вакциналар және коронавирусты емдеуге арналған препараттар Омикрон-ға қарсы тиімді болмауы мүмкін деп болжады. Бұдан бөлек бұрын коронавирус жұқтырып, жазылып шыққандар да жаңа штамды жұқтыруы мүмкін.

Эбола* ауруы немесе Эбола геморрагикалық лихорадкасы – aуруды емдейтін арнайы ем әзірге жоқ. Аурудың қауіптілік деңгейі жоғары, ауру жұқтырған науқастардың 50% мен 90%-ы аралығындалар қайтыс болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз