Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан банк секторын сауықтыру бағдарламасы аясында екінші деңгейлі 4 банкіге қолдау көрсетілді. Ал бағдарламаның басты шарттарының бірі докапиталиязациялау талабы орындалмаған жағдайда банкілер мемлекет қарауына өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде Ұлттық банк басқармасының төрағасы Данияр Ақышев айтты.

«Бұл бағдарламаны табысты жүзеге асырып жатырмыз деп есептеймін. 4 банкінің өтініші мақұлданды, бөлінер қаражат рәсімделу үстінде. Бұл жылдың ішінде және келер жылдың басында нашар несие мәселесі мен дағдарыстан кейінгі банк секторының проблемасын шешеміз деп айта аламыз», – деді ол.

Төрағаның айтуынша, екі жыл бұрын Ұлттық банкіге банк жүйесіндегі активтердің сапасын бағалау тапсырылғандықтан, банк секторын жетілдіру бағдарламасы қажет.

«Біз бұл мәселеге жауапкершілікпен, байыппен келдік: қолда бар барлық мәліметтерді зерделедік, басқа елдердің сауықтыру процесін қалай өткені туралы халықаралық тәжірибені зерттегедік, және тексердік, осының нәтижесінде туындауы мүмкін проблемаларды болжап, институттарда акционерлермен бірге тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды деп шештік», – дейді Ақышев.

Ақышевтың айтуынша, көптеген мекемелер проблеманы қабылдауға дайын. Баланста проблема ретінде көрінбесе де, банкілер нашар несие мәселесі бар екенін мойындайды. Сондай банкілердің егелері қателіктерін мойындағанмен, қаржы институттарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қауқарсыз. Осыған байланысты қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін банк секторын сауықтыру бағдарламасы қабылданды. Ұлттық банк қаржы реттеуші ұйымның есебінен екінші дәрежелі банкілердің реттелген облигациялар түрінде капиталына енеді. Ал банкілер өте қатаң міндеттемелерді қабылдайды: қаржы институттары бес жыл ішінде мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың тең жартысын ақшалай инвестиция ретінде банкілерге құяды.

«Сонымен қатар, банкілер қадағалау шараларының жоспарына сәйкес біз ең дұрыс және ең жауапты деп тапқан саясатты қамтамасыз етуге міндетті. Банкімен байланысы бар, кепіл мүліксіз, т.с.с. тараптарға несие берілмеуі тиіс. Банкілер бұған келісті. Бірақ кейбір банкілер осы талаптарды орындамайтын болса, Ұлттық Банкінің олардан алатын реттелген облигациялардың бірінші деңгейдегі капиталға өту сияқты ерекшелігі бар, шын мәнінде, бұл дегеніміз банкілер мемлекеттің бақылауына өтеді деген сөз. бұл банкілердің акционерлері бизнестерін жоғалтқысы келеді деп ойламаймын. Экономиканы несиелендіруді қалпына келтіру үшін жұмыс істейтініне және барлық міндеттемелерді орындайтынына сенемін», – деп қорытындылады Ұлттық банк басқармасының төрағасы.

Дегенмен, экономиканы несиелендіру үшін әрбір банк тәуекелдерге дайын болуы керек, сол себепті де банкілердің «буферлік капиталы» болуы тиіс. Елімізде несиелендіру көрсеткішінің артпауы банкілердің нақты секторды несиелендіруге шамасы жетпейтінін түсінгеннен туындап отыр.

Банк секторын сауықтыру бағдарламасы аясында капитал көлемі 45 млрд теңгеден асатын банкілерге республикалық бюджеттен 2017 жылы 1 триллион 92 миллиард 941 миллион 288 мың 400 теңге бөлу туралы наурыз айында президент қаулысы шыққан болатын. 18 қазанда Ұлттық банк 4 банкіні сауықтыру үшін 410 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат «АТФБанк», «Еуразия Банкі», «Цеснабанк» және «Банк ЦентрКредит» банкілеріне қайтару шартымен қарызға берілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз