Шетелдік 19 компания Ресейден Қазақстанға көшті

0
37
Photo: Eurasianet.org

Осы уақытқа дейін Ресейде жұмыс істеп келген шетелдік 19 компания Қазақстанға қоныс аударды. Бұл жөнінде үкіметтің дүйсенбіде өткен кеңейтілген отырысында премьер-министр Әлихан Смаилов айтты.

“Бірқатар шетел компанияларын Қазақстанға тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін Қазақстанға 19 компания келді, өзгелермен де сөйлесіп отырмыз”,- деді Смаилов.

Бұған дейін Әлихан Смаилов 300-ге жуық ірі компания өндірісі мен кеңсесін Ресейден Қазақстанға ауыстыруға дайын отырғанын айтқан. Ол кезде Honeywell, inDriver, Fortescue, Marubeni және тағы да басқа компаниялар Қазақстанға “қоныс аударып” қойған.

Ресей Украинаға басып кірген соң шетелдің мыңдаған компаниясы Ресейден кеткен. Оның 320-сы Ресейден толық кетсе, Starbucks, McDonald’s секілді компанияларды Ресей бизнесменді сатып алып, атын өзгерткен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Ресей рыногынан кетіп жатқан шетел компанияларын Қазақстанға тарту үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырған.

Қазан айында Алматы облысына келген сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға 50-ден астам халықаралық компания келгенін айтқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз