Дүйсенбі түстен кейін Алматының “Ақбұлақ” мөлтекауданында атыс болып, бес адам қаза тапты. Бұл туралы қаланың полиция департаменті хабарлады.
Полиция мәліметі бойынша, сағат 17-де Алатау ауданы, “Ақбұлақ” мөлтекауданында 1967 жылы туған Д. есімді азамат үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан.
Атыстан бес адам қаза тапты, олардың екеуі – қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлері: полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев. Бұған қоса сот орындаушы М.Әбенов пен екі адам оққа ұшқан.
Алдын ала тараған ақпарат бойыша, оқ атқан күдікті Игорь Джунов есімді азамат. Сот орындаушылары барған үй “БанкЦентрКредит” банкінде кепілдікте тұрған. Үй Анаи Демирчян есімді азаматшаға тиесілі болған. Джунов осы үйде тұрған.
Сот кабинетіндегі дерек бойынша, банк бірнеше жылдан бері Демирчянмен соттасып келеді. 2018 жылы үй 29 миллион теңгеге Нұрахмет Тұрғанов есімді азаматқа сатылған. Кейіннен шешім тоқтатылып, сот процесі қайтадан жалғасқан. 2019 жылы “БанкЦентрКредит” аудандық сотқа шағымданып, жеңіліп қалған. Бірақ кейіннен қалалық сот шешімді тоқтатып, үй қайтадан банктің есебіне өткен. Осыдан кейін сот орындаушы екінші рет үйді Тұғановқа берген. Ақпан айында Демирчян сот арқылы сот орындаушы Рапилбек Тәңірбергенов пен Нұрахмет Тұрғановтың арасындағы келісімнің күшін жоймақ болып шағымданған. Бірақ Алатау аданының судьясы Жанар Абдрахманов шешімді өзгеріссіз қалдырған.