13 желтоқсан таңертеңгі сағат 8-ге дейін жер бетіне 154 кенші көтерілді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
12 желтоқсан 14.00-де Қарағандыға «АрселорМиттал СНГ» бас директоры Парамжит Калон Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен кездесті. 23.00-де компанияның ұсынған шарттарын талқылау аяқталды. Талқылаудан кейін аймақ басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен бірге кешілерге аттанған.
Әкімдіктің мәліметінше, 00.30-да Ерлан Қошанов Шахтинск шахтасының кенжарына түскен. Екі сағаттық келіссөзден кейін жер бетіне 59 адам көтерілген. Тентек шахтасында кездесуден соң 76 адам жер бетіне шыққан. 03.00-де Тентек шахтасында Ерлан Қошанов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталары директорларының, кәсіподақтар және бригадирлердің қатысуымен жиналыс өткізді. Мұнда тағы бір мәрте кеншілердің талаптары мен компанияның ұсыныстары талқыланды.
04.00-де облыс әкімі Ленин шахтасына келіп, кенжарға түсіп, кеншілермен жүздескен. Кездесуден соң 19 адам жер бетіне көтерілсе, 06.00-де облыс әкімі Қазақстан шахтасына түсіп, кеншілермен кездескен.
Нәтижесінде 13 желтоқсан таңертеңгі сағат 8-ге дейін жер бетіне 154 кенші көтерілді.
Бұдан өзге әлеуметтік желілерде Шахтинскіде қамауға алу жағдайлары орын алғаны туралы мәлімет тараған. Бұл ақпаратқа қатысты Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметі Шахтинск қаласында ешқандай тұтқындау және қамау амалдары жүргізілмегенін мәлімдеді. Полиция қызметкерлері азаматтарға жалпы дүрбелеңге бой бермеулерін сұрайды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сабина Сайлаубай