19 желтоқсанда таңертеңгі уақытта Ақтөбе облысының Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан аудан орталығы Ырғыз кентіне бара жатқан 5 оқушы, 1 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшыраған. Екі оқушы мен мұғалім қаза тапты.

Жол апаты туралы ақпарат полицияға таңғы 8:45-те түскен. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда сағат 8-30 шамасында Самара-Шымкент автожолы бойындағы Құрылыс ауылының тұсында, Ырғыз кентінен шамамен 50 шақырым жерде оқушылар мінген “Toyota” автокөлігі мен “Volvo” жүк көлігі соқтығысқан. “Toyota” автокөлігіндегі мұғалім мен екі оқушы өлген.

Көлікте жолаушы ретінде 2007 жылы, 2008 жылы және 2009 жылы туған бес оқушы және бір мұғалім отырған. Олар республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысу үшін көлікті жалдап алған.

Екі оқушы мен мұғалімнің қаза болғанын Ақтөбе облыстық білім басқармасы да растады.

Оқушылардың өлімінен соң Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі және 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқушыларды неліктен полицияның алып жүрмегені тексеріліп жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз