Румынияда парақорлық үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған бұрынғы қаржы министрі Себастьян Влэдеску кепілдік ретінде сот залына 3 кг алтын, 315 мың еуро қолма-қол ақша және құны 110 мың еуро тұратын жылжымайтын мүлік құжатын алып келді.
Бұл туралы Euronews агенттігі хабарлайды.
Бұрынғы қаржы министрі Себастян Влэдеску қылмыстық кодекстегі жаңа өзгерістерді пайдасын көрген алғашқы румын болды. 1 млн еуро пара алды деп айыпталған Влэдеску сот залына алған парасы мөлшерінде кепілдікпен келген.
Румынияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі экс-министрдің теміржол саласында өткізілген тендер барысында пара алды деген айыппен сотқа берген еді.
Алайда бұрынғы министр тағылған айыптауларды жоққа шығарады.
Кепілдік туралы жаңа заң 2014 жылы өз күшіне енгелі бері кепілзат ретінде алғаш рет алтын қойылып отыр. Бұрынғы министр баспасөз өкілдеріне телефон арқылы берген сұхбатында неліктен кепілге алтын ұсынғанын айтқан жоқ.
2005-2007 жылдар аралығында қаржы министрі болған Влэдескуға қатысты 2009-дың желтоқсанында «пара алу», «өз қызметін әсіре пайдалану» баптары бойынша тергеу жұмысы басталған еді.
Бухарест пен Константин қалалары арасындағы 225 км теміржол инфрақұрылымының жаңартылу жұмыстары үшін 820 млн еуролық тендер бөлінген кезде министр қызмет бабын асыра пайдаланып, пара алды деген айып тағылды.
Бұл тендерде 20 млн еуро көлемінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгені және Влэдескуның 1 млн еуро көлемінде пара алғаны анықталған.
Бауыржан Мұқан