Орхан Инанды жоғалып кеткелі бір апта өтті. Әйелі оны елшілікте күштеп ұстап отырғанын айтады

0
471
Орхан Инанды. Photo: Facebook

1 маусымға қараған түні Қырғызстанда жоғалып кеткен “Сапат” мектептер желісінің Бішкекте тұратын президенті Орхан Инандыны Түркияның Қырғызстандағы елшілігінде күштеп ұстап отыруы мүмкін. Бұл туралы Орхан Инандының әйелі Рейхан Инанды әлеуметтік желіде хабарлады. 

“Маған жеткен ақпарат бойынша 31 мамырдан бері із-түссіз кеткен күйеуім Орхан Инандыны Түркияның Қырғызстандағы елшілігінде күштеп ұстап отыр екен. Осы бір екі күнде оны қинап қырғыз азаматтығынан бас тартқызып, елден алып кетпекші. Оның өміріне қауіп төніп тұр”, – деді Рейхан Инанды. 

Орхан Инанды және жұбайы Рейхан Инанды. Photo: Twitter/ @damla_denizde

Түркияның Қырғызстандағы елшілігі әзірше бұл мәлімдемелер туралы сөз айтпады. Журналистер Түркияның Бішкектегі дипломатиялық өкілдігіне хабарласа алмай жатыр.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі “Сапат” мектептер желісінің хабарсыз кеткен президентін әлі іздеп жатқанын айтады.

Қырғызстан Ішкі істер министрлігі Түркия елшілігін тексере алмайды. Ердоғанның рұқсаты керек

7 маусымда Ішкі істер министрінің орынбасары Сүйін Өмірзақов Жогорку Кенештегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында елшілікті тексере алмайтынын айтты.

“Іздеу барысында біз СІМ мен елшілікке хат жібердік. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, дипломатиялық өкілдіктердің ережесі бойынша тексеру мүмкін емес. Сондықтан бұл тек осы елдің басшысы президент Ердоғанның рұқсатымен мүмкін болады. Бірақ біз хат жібердік. Онда Орхан Инандының елшілік ғимаратында екендігі туралы ақпарат бар екенін көрсеттік. Әзірге жауап жоқ”, – деді Суйун Өмірзақов.

Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Айбек Артыкбаев елшілікке жедел нота жіберетінін айтты.

“Бізде Орхан Инандының елшілік ғимаратында екені туралы нақты факті жоқ. Қазір оның әйелінің айтқандарына ғана сүйене аламыз. Вена конвенциясы бойынша елшілік қол сұғылмайтын аумақ. Біз оған кіре алмаймыз. Кіру үшін ІІМ немесе тергеу тобы хат жіберуі керек. Кейін елшілікке хат жібереміз. Біз ІІМ-нен хат алдық және Конвенцияға сәйкес ғимаратта тінту жүргізе алмайтынымызды айттық”, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Айбек Артықбаев.

Түркия 2019 жылы Орхан Инандыны экстрадициялауды талап еткен

Қырғызстан сыртқы істер вице-министрі Айбек Артыкбаев 2019 жылы Қырғызстан Түркияның Орхан Инандыны экстрадициялау туралы өтінішін орындаудан бас тартқанын мәлімдеді.

“Орхан Инанды 2012 жылы президент жарлығына сәйкес Қырғызстан азаматтығын алды. 2019 жылы наурызда Түркия Инандыны экстрадициялауды талап етті. Түркиямен арада экстрадиция жайлы келісім бар. Бірақ біз ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура мамандарымен біріге отырып, жауап әзірледік. 2012 жылы Инандының Қырғызстан азаматы екенін және Түркияға өз азаматымызды бере алмайтынымызды айтқанбыз” деді вице-министр.

Билік ғимаратының тұсында күн сайын митинг 

8 маусым таңертеңнен бері Үкімет үйінің жанында Орхан Инанданы табуды талап еткен митинг жалғасып жатыр. Акция сағат таңғы 10:00-де басталған. Митингке түлектер, оқытушылар және оқушылардың ата-аналары жиналған.

Наразылыққа шыққандар президент Садыр Жапаровқа Түркияға сәтті сапар тіледі және мәселенің тез шешілетініне үміттенетіндерін жеткізді. Сондай-ақ олар Қырғызстан әнұранын орындады.

Митингке шыққандар Орхан Инанды табылғанға дейін күн сайын үкімет ғимаратына жиналатынын мәлімдеді. Бішкек тұрғындарының наразылығы жетінші күн жалғасып жатыр.

Photo: 24kg
  • Қырғызстандағы Халықаралық “Сапат” білім беру мекемелерінің президенті Орхан Инанды соңғы рет байланысқа 31 мамыр күні кешкі 6-да шыққан. Содан бері оның қайда екені белгісіз. Көлігі келесі күні есіктері ашық күйде табылған. Ішіндегі бағалы заттар ұрланбаған.
  • Оқиғаға ел президенті Садыр Жапаровтың өзі араласып, құзырлы органдарға іздеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
  •  “Сапат” білім беру ұйымы және түлектері Орхан Инандының қайда екені туралы ақпаратқа сыйақы тағайындағанын мәлімдеген.
  • 2012 жылдан бері Қырғызстан азаматы Орхан Инанды “Сапат” мектептері мен “Ататүрік Ала-Тоо” университетінің негізін қалаушылардың бірі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз