Қырғызстанда “Сапат” мектептерінің басшысын ұрлап кетті

0
474
Фото: 24.kg

31 мамырдан 1 маусымға қараған түні Қырғызстанда “Сапат” мектептерінің басшысы Орхан Инандыны белгісіз біреулер ұрлап кетті. Оның көлігі 1 маусым таңғы сағат 04:20 шамасында үйінің маңынан табылған. Бұл туралы 24.kg сайты хабарлады.

Орхан Инанды із-түссіз жоғалып кеткеннен кейін оның туыстары Бішкек қаласындағы полиция бөлімшесіне арыз жазып, 24.kg редакциясына жүгінген. Туыстарының айтуынша, көлік табылған кезде есігі ашық қалған және ішінде телефон және басқа да бағалы заттарына тиіспеген.

“Орхан Инандының қайда екені қазір белгісіз. Жедел-тергеу тобы құрылып, ақпараттар ішкі істер органдарының аймақтық бөлімшелеріне таратылды. Азаматтың қайда екенін анықтау үшін барлық қажетті тергеу жұмыстары мен іздестіру шаралары жүргізілуде”, – делінген Бішкек қаласының ішкі істер бөлімінің хабарламасында. 

“Сапат” мектептерінің вице-президенті Раина Асакеева айтуынша, Орхан Инанды Қырғызстанның білім саласында 1995 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Ол 2001 жылы “Сапат” мектептері ұйымының президенті қызметіне келген. 2012 жылдан бері Қырғызстан азаматы.

photo: akipress.org / “Сапат” мектептерінің адвокаты Зоотбек Құдайбергенов және “Сапат” мектептерінің вице-президенті Раина Асакеева

Президент Жапаров МҰҚК және ІІМ-ге тапсырма берді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне Қырғызстан азаматы Орхан Инандыны жедел табуды және қосымша күштерді тартуды тапсырған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Haberrus ақпарат сайтының хабарлауынша, Орхан Инандының белгісіз себептермен жоғалып кетуі Түркия ұлттық қауіпсіздік комитетінің Косова, Малайзия, Пәкістан, және өткен айдағы Кения елінде жасаған операцияларына ұқсайды. Олар Түркияның саяси көзқарасына байланысты өзге елдегі кейбір түрік азаматтарын алып қашқан.

Қазіргі уақытта қырғызстандықтар Бішкектегі Түркия елішілігінің алдында және Орхан Инандыны Қырғызстаннан алып кетуінен қауіптеніп әуежайда #табылсын деген ұранмен митинг жасап жатыр. Митингке белсенділер, “Сапат” мектебінің бас директоры Амир Сұлтанмұратов және білім ордасы оқушыларының ата-аналары қатысып жатыр.

“Егер Орхан Инанды табылмаса, онда Қырғызстан ар-намысы мен қадір-қасиетін жоғалтады. Әлемдегі барлық адам Қырғызстанның кез келген азаматын алып қашуға болады деп ойлайды”, – деді белсенді Рита Карасартова митинг кезінде.

Ал “Сапат” мектебінің бас директорының орынбасары Амир Сұлтанмұратов Қырғызстанның білім саласына орасан еңбегі сіңген Орхан Инандыны тез арада табу керектігін айтады.

“Себат” білім беру мекемелері Қырғызстанда 1992 жылы ашыла бастаған. 2017 жылы Қырғызстан билігінің шешімімен атауы “Сапат” болып өзгерген. Білім беру ұйымының құрамына 16 лицей, 12 бастауыш мектеп, 2 халықаралық мектеп және 1 университет кіреді.

photo: akipress.org / Түркия елшілігінің алдында наразылыққа шыққан қырғызстандықтар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз