Президент Астана процесінің басты басымдықтарын атады

0
70
Ақорда

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана процесі Сириядағы шиеленістердің реттеліп, аумақтағы үлкен соғыстың тоқтауына ықпал етті, деп есептейді. Бұл туралы президент ресейлік «Первый каналға» берген сұхбаты барысында айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан аталған жылдар аралығында өзін бейбіт сүйгіш мемлекет ретінде көрсете білгенін және әр мемлекеттің сеніміне ие екенін алға тартты. Осы орайда Н.Назарбаев Ресей президенті В. Путин Иран және Түркия басшылары тарапынан Астананы Сирия үкіметі және оппозиция делегацияларының келіссөз алаңына айналдыру туралы ұсыныс айтылғанын және Қазақстан аталған мүмкіндікті бергенін атады.

Мемлекет басшысы Астана процесінің сегіз раунды өткенін алға тартты.

Өз сөзінде президент аталған сегіз раундтың жоғары бағаға ие болғанын, себебі Астанаға Женева келіссөздеріне бармаған фигуранттардың келгенін атады. Мемлекет басшысы дәл осы келіссөздер шиеленістердің тұрақтанып, кейбір аймақтарда соғыстың тоқтауына ықпал еткенін әрі Сочиде өткен форумға мұрындық болғанын тілге тиек етті. «Яғни процесте Путин айтқандай, шешім бітімгершілік болу керек – бұл жүзеге асып жатыр», – дейді Н. Назарбаев.

Жаһандық саясаттағы негізгі ойыншылар бір-бірімен тіл табыса алмай жатқанын атаған президент өзара сенім мен келіссөзді қалпына келтіру керектігін, онсыз әлем бейбіт өмір сүрмейтінін атады. «Әлемнің көп бағыттылығы мен көптің пікірін ескеру, менің ойымша, бұл – болашақ», – дейді Н. Назарбаев.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз