Тимур Құлыбаев “Атамекен” ҰКП төрағасы қызметінен кетті

0
400
Тимур Құлыбаев.

17 қаңтарда “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев қызметтен кеткенін хабарлады.

“Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы  басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды”, – деді ол 17 қаңтар палата сайтына жариялаған мәлімдемесінде.

Тимур Құлыбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі. Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстанның ең бай адамдары қатарында. Forbes журналы әрқайсысының байлығын 2,9 миллиард долларға бағалаған.

55 жастағы Тимур Құлыбаевтың бұдан бөлек өзге де қызметтері бар. Ол – KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының жетекшісі, ресейлік “Газпром” компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін, Қазақстан бокс федерациясын басқарады.

Бұған дейін Назарбаевтың өзге тағы екі “күйеу басының” да қызметінен кеткені хабарланған еді. 15 қаңтарда QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен “ҚазТрансОйл” компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қызметінен кеткен. Бұл туралы сол күні “Самұрық-Қазына” қорының баспасөз қызметі хабарлама таратқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз