Қазақстандық спортшылар қысқы олимпиадаға аттанды

0
267
Олимпиадаға аттанып бара жатқан спортшылар. Photo: Olympic.kz

27 қаңтар күні қазақстандық делегация Нұр-Сұлтан-Алматы-Бейжің бағыты бойынша Олимпиада ойындарына ұшып кетті. Бұл туралы ҰОК сайты хабарлады.

Оқи отырыңыз: ҰОК қысқы олимпиадаға қатысатын спортшылар тізімін жариялады

Олимпиада комитеті сайтының мәліметінше, барлық спортшы мен бапкерлер ұшар алдындағы соңғы аптаны карантинде өткізген. Олар ешкіммен байланыспай, көпшіліктен бөлек тұрып, бөлек жаттығу жасаған.

Қытайға делегацияны  арнайы “Air Astana” әуе рейсі жеткізеді. Бұл рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысынан ұлттық құрамалар ұшып кеткен.

Ал қорытынды жиынды шетелде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасынан ұлттық құрамалар Қытайға өз бағыты бойынша келеді.

“Бүгін біз Олимпиада ойындарына ұшып барамыз. Бұл бәріміз үшін толқитын сәт. Біз жақсылықтан үміттіміз және мұндай жауапты жарысты бар күшімізді саламыз. Қандай кезең болса да, жаттығуды үзген емеспіз”, – деді Қазақстан командасының ту ұстаушысы, шорт-тректен құрама көшбасшысы Абзал Әжіғалиев. 

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 ақпан күні Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтеді.

Қазақстаннан Пекинге жүздей адам сапар шегеді. Олардың арасында 34 спортшы, 20 жаттықтырушы, 7 сервисмен, 7 штаб қызметкері, 10 дәрігер және бірнеше БАҚ өкілі бар.

Қазақстан делегациясының олимпиадаға баруына 228 млн теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, қысқы олимпиадаға спортшылардың дайындығына шамамен 400 млн теңге кеткен. Демек, Қазақстанның Пекин олимпиадасына шығыны 600 млн теңгеден ( 1,3 миллион доллардан аса қаржы) астам ақша жұмсалмақ.

Пекин олимпиадасы 4-20 ақпанда өтеді. Пандемия кезінде өтетін ойынға 95 елден 4 мыңнан аса спортшы қатыспақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз