Паралимпиадада дзюдошы Әнуар Сариев күміс медаль иеленді

0
165
Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Әнуар Сариев.

27 тамызда Токиода өтіп жатқан жазғы паралимпиада ойындарында қазақстандық пара дзюдошы Әнуар Сариев 60 келіде күміс медаль жеңді. Спортшы финалда әзербайжандық Вугар Ширинлиден жеңілді.

Қазақстандық спортшы финалға дейін моңғолиялық Ядамдорж Сухбаатарды, венесуэлалық Деннис Марко Бланконы жеңген еді.

Атыраулық 29 жастағы дзюдошы Әнуар Сариев 2016 жылы Рио паралимпиадасына да қатысып, ол жарыста 7-орынмен шектелген. 2018 жылы Пара Азия ойындарында 5-орын алған.

Бұл – Қазақстанның Токио паралимпиадасындағы екінші медалі. Кеше, 26 тамызда пауэрлифтингтен Давид Дегтярев чемпион атанған еді.

Қазақстан жазғы паралимпиада ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келеді. 2016 жылға дейінгі паралимпиадаларда жүлде иеленбеген еді. 2016 жылы Риода өткен паралимпиадада бір алтын, бір күміс медальмен жалпы есепте 58-орын алған. Рио паралимпиадасында жүзуден Зүлфия Ғабидулина чемпион атанса, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс медаль иеленген. Ғабидулина мен Қойшыбаева да Токио паралимпиадасына қатысып жатыр.

Жапониядағы паралимпиада ойындары 5 қыркүйекте аяқталады. Жарысқа Қазақстаннан 25 паралимпиадашы қатысып жатыр. Бұл дода 2020 жылы өтуі тиіс еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген.

Токио паралимпиадасы алдында өткен олимпиада ойындарында Қазақстан алтынсыз қалып, тек 8 қола медаль иеленген еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз