Қазақстанның ең үздік мұғалімдері марапатталды (фото)

1
52

3 қазан күні Нұр-Сұлтандағы “Қазақстан” орталық концерт залында “UZDIK PEDAGOG 2019” конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Мерекелік кеш елге есім-сойы белгілі Роза Рымбаева, Димаш Құдайберген, Аружан Саин, Нұрлан Әлімжанның видеоқұттықтауымен басталды.

Алғаш боп сахнада сөз алған Қазақстан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алғашқы мұғалімін еске алып, үздік ұстаздың образын сипаттап берді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

“Мен ылғи алғашқы ұстазымды еске аламын. Аты-жөні – Людмила Валентиновна. Оның маған деген ілтипаты ерекше болып сезілетін. Әлі есімде, ол парталардың арасымен өткенде балаларды бастан сипап жүретін. Сонда ішің жылып, кластың іші жанға жайлы болып кетуші еді. Артынан сыныптастарымның бәрі өздерін ерекше бала деп сезінгенін білдім. Мұғалімнің таланты осы деп ойлаймын. Ол әрбір балаға өзін ерекше сезінуге жағдай жасауы тиіс”, – деді Аймағамбетов.

4 мыңға жуық мұғалім қатысқан “Үздік ұстаз – 2019” конкурсының жеңімпаздарын министрдің өзі және Парламент Сенатының депутаттары марапаттады.

Концертке ұласқан кеште оқушылар, ата-аналар мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының құрылтайшысы Әлия Нұрсұлтанқызы “Әлем мұғалімі” сыйлығының іріктеу кезеңіне еліміздің атынан қатысатын 11 педагогтың есімін жариялады.

Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Дариға Назарбаева үздік ұстаздарды құттықтады.

“Қазақстан мұғалімі” Ұлттық премиясы мен Даму қоры бекіткен 4 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың иегері және “Жаһандық премияның Қазақстандағы амбассадоры” Нұр-Сұлтан қаласының дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Муаммер Гүл атанды.

Оқи отырыңыз: Муаммер Гүл: Мұғалім өз мамандығын сүюі қажет

Айта кетейік, 8 жыл ішінде аталған байқауға 35 127 педагог қатысқан, оның ішінде мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі 432 педагог 1000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақымен және “Үздік педагог” белгісімен марапатталған.

Қазақстан ұстаздары.

Ұстаздар жиыны жалпы суретке түсумен аяқталды.

Abdimanap KENES

 

 

1 ПІКІР

  1. Муаммердің бойынан нағыз Ұстаздың қасиеттерін көре аласыз. Біріншіден, адамгершілігі аса айтарлықтай, өте қарапайым, ,ақкөңіл жан.Қалжыңының өзі аса жарасымды. Екіншіден, өз мамандығын сүйеді. 3-ден балаға деген шынайы махаббат бар. :4-ден дарынды. Дарынсыз жақсы ұстаз бола алмайды.
    Муаммердің оқушыларының х/қ, әлемдік деңгейде неше жыл қатарынан орын алуының ерекшелігі бар. Муаммер баланың дайындығына, олимпиадалық деңгейіне шек қоймайды. Себебі баланың миының дамуында яғни логикалық ойлауда шек болмайды деп санайды. Баланың өз бетімен дамуына жол ашады.Муаммерді жалғыз кездестіру мүмкін емес, жанында араға үймелеген арадай балалар жүреді. Талай қазақ баласын үлкен білім жолына салды.
    Талай халықаралық олимпиадалардың жюри мүшесі болды. Муаммердің әлемге қазақстандық мұғалімнің бейнесін танытатынына, жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімдіміз.Бұл жеңісті барлық оқушылары тілейді.Тек Муаммерге Алла қуат берсін деп тілейміз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз