Білімге баса мән беріледі – Н. Назарбаев қазақстандықтарды білім күнімен құттықтады

0
170

1 қыркүйек мемлекет басшысы Н. Назарбаев Астанада жаңадан ашылған №85 мектеп лицейіне келді. Лицейді аралау барысында сөз алған мемлекет басшысы бүгінде Қазақстандағы 7 мың мектепте 3 миллион оқушы оқитынын алға тартып, олардың 350 мыңы бірінші мектепке баратынын атап өтті.

“Астананың өзінде осы жылы 18 мың бала мектеп табалдырығынан аттайды”, – деген президент осы себептен білімге баса мән берілетінін алға тартты. Елбасының сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 180-нен аса жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, 23 мектеп 1 қыркүйекте іске қосылды.

Аталған мектеп құрылысының саны біршама екендігін атап өткен мемлекет басшысы дегенмен, өкінішке орай  әлі де үш ауысымда білім беретін мектептердің барын да алға тартты. “Яғни бізге бұл жұмыстарды мемлекет тарапынан, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тұрғысында жалғастыру қажет”, – деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ, президент оқу үрдісін жақсарту қажеттігін айтып, оқу іс-тәжірибеге негізделу қажеттігін атап өтті.

Оқушылар игерген білім-біліктерін істе қолдана алуы қажет – Н. Назарбаев

“Оқушылар игерген білім-біліктерін істе қолдана алуы қажет. Бұл жаңа оқу үрдісіне берілген серпін. Осы орайда мұғалімдерге өте күрделі міндеттер қойылады, яғни оқушыларды алған білімдерін іс-тәжірибеде қолдануына икемдеу. Өз біліктілігін меңгеріп, дәлелдеген мұғалімнің еңбек ақысы сәйкесінше 30-дан 50 %-ға дейін өседі”, – деді мемлекет басшысы.

Сөз соңында  Н. Назарбаев барша қазақстандықтарды 1-қыркүйек білім күнімен құттықтады.

Бүгін мемлекет басшысы ашылу салтанатына қатысқан №85 мектеп-лицейі Қазақстан мен Катар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Катар мемлекеті Даму қорының қолдауымен салынған.

Оқу мекемесі 1200 орынға лайықталған, 48 оқу кабинеті бар. Білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Бағыты – жаратылыстану-математикалық.

Лицейдің білім беру кешенінің бағыты оқушылардың жаратылыстану-математика ғылымдары аясындағы білімін кеңейту екендігін ескере келе, мектепте математика және ойлау қабілетін дамыту, шахмат, робототехника, STEM, «Scratch» бағдарламалау алаңы сынды пәндер оқытылады.

5-9 сыныптарда оқушылар шығыс тілдерін меңгереді, ағылшын тілінде сабақ өтеді (химия, биология, физика, информатика). 10-11 сыныпқа кәсіпкерлік негізі, драма, ойлау дизайны, кәсіби білім беру курстары сынды пәндер енгізілген.

 

 

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз