“Болашақ” стипендиясы иегерлерін іріктеу өзгереді

0
70
Photo: @bolashak.gov.kz

“Болашақ” стипендиясына үміткерлерді іріктеу өзгереді, бағдарлама модернизацияланды. Бұл туралы “Халықаралық бағдарламалар орталығы” Facebook парақшасында хабарлады.

“Білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Олар ең алдымен ашықтықты арттыруға, барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндік жасауға, іріктеудің объективтілігін күшейтуге, сондай-ақ бюрократиялық кедергілер мен бұрынғы мәселелерді шешуге бағытталған”, -деп жазылған хабарламада. 

Үміткерлер нені ескеруі қажет?

Халықаралық стипендияға үміткерлерге арналған квоталық санаттар қысқартылған. Стипендияға үміткерлердің барлығына мүмкіндік бірдей. Үміткерлердің барлық жеңілдік квота санаты алынып тасталған. Барлық үміткер шетелдік жоғары оқу орындарына өздері түсуі тиіс.

Бұған қоса, ауылдық жерден шыққан үміткерлерді қоспағанда, бұрын ұсынылған алдын ала тілдік дайындық курстары алып тасталған. Іріктеуде тілдерді білу деңгейін тексеру алып тасталған. Үміткерлер өздері тест тапсырып, құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік
(KazTEST В1) және шет тілінен (кемінде IELTS 6.5) сертификат ұсынуы керек.

Халықаралық стипендия тағайындауға арналған барлық үміткер үшін іріктеу турларының саны қысқарады. Іріктеу кезіндегі 6 турдың орнына барлығы 3 тур болады.

“Біз енгізіп жатқан өзгерістер, ең алдымен “Болашақ” стипендиясын тағайындаудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Біз осы күнге дейін болған барлық ықтимал сыбайлас  жемқорлық тәуекелдерін жойдық. Еліміздегі тек үздіктердің үздігі ғана халықаралық президенттік стипендия бойынша білім алса екен дейміз”, – деп хабарлады “Халықаралық бағдарламалар орталығының” президенті Айнұр Кәрібозова.

Айта кетейік, бағдарлама аясында 26 жылы ішінде 10738 маман даярланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз