Ресейдің Кемерово қаласында сауда-ойын-сауық орталығында болған тілсіз жау салдарынан қаза тапқан адамның саны 64-ке жетті. Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Пучков: «Қайтыс болғандардың саны – 64. Бұл соңғы сан», – деген мәлімдеме жасады.
Құрбан болғандардың саны бойынша Кемеровадағы өрт – соңғы 100 жылда болған ірі көлемдегі төрт өрт оқиғасының бірі болып есептелді.
Еске сала кетейік, жексенбі күні Ресейдің Кемерово қаласындағы төрт қабатты «Зимняя вишня» сауда, ойын-сауық орталығы өртке оранды. Сауда орталығының бірнеше кинозал, балалар ойнайтын алаңы бар төртінші қабатынан өрт шықты. Алдымен балаларға арналған ойын бөлмесі өртеніп, артынша тілсіз жау 1500 шаршы метрге дейін жеткен. Төтенше жағдай салдарынан қаза тапқандардың көпшілігі балалар.