«Талибан»* қозғалысының өкілдері Ауғанстан бойынша «Бейбіт процесс, қауіпсіздік және өңірлік қатынас саласындағы ынтымақтастық» тақырыбындағы Ташкент конференциясына қатыспайды. Бұл туралы 26 наурызда конференцияның баспасөз қызметінің басшысы Шерзод Кудратқожаев мәлімдеді, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
«Бүгін де, ертең де олар («Талибан» -ред) келмейді, бірақ олар бәрін естиді», – деп мәлімдеді Ш. Кудратқожаев. Ауғанстан бойынша конференцияның негізгі шаралары 27 наурызда өтетінін атап өтті.
Ташкентте өтетін конференцияға Ауғанстан бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) арнайы өкілі Тадамити Ямамото, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини, Қытай, Ресей, Америка Құрама Штаттары (АҚШ), Ұлыбритания, Германия, Италия, Франция, Түркия, Үндістан, Иран, Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) ішкі саясат бойынша ведомства жетекшілері қатысады деп күтілуде.
Ауғанстан бойынша «Бейбіт процесс, қауіпсіздік және өңірлік қатынас саласындағы ынтымақтастық» конференциясы Ауғанстандағы жағдайда тұрақтандыру мақсатында өтеді. Ауғанстан президентінің тәлібтермен бейбіт келіссөздерді ешқандай алғышартсыз бастауы туралы бастамасы конференцияның басты тақырыптарының бірі болмақ.
Талибан* – 2005 жылдың 15 наурызында Жоғары соттың шешімімен Қазақстанда тыйым салынған шетелдік лаңкестік ұйым.