Алматы қалалық соты Ratel.kz ақпараттық сайты мен оның facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына тыйым салды. Бұл туралы Ratel.kz басылымының тілшісі Вадим Борейко facebook парақшасы арқылы хабарлады.
Вадим Борейко өз парақшасында: «Ratel.kz сайты жабық. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына да кіру мүмкін болмай тұр. Сот «Ratel.kz» басылымына кіруге тыйым салды», – деп жазды.
«Ratel.kz» порталына қатысты азаматтық іс қаралмас бұрын алдын ала кездесу өткізіледі. Кездесу бүгін сағат 15:00-де Алматы қаласы Медеу аудандық сотында өтеді.
Еске сала кетейік, 3 сәуір Алматыда Ratel.kz интернет-басылымы және Forbes Kazakhstan редакцияларына құзырлы органдар тінту жүргізіп, бірнеше журналисті қамауға алып, кейін босатқан болатын.