Теңге рубльге байланысты емес, деп мәлімдеді Ұлттық банк басшысы Данияр Акишев.
Теңгенің бағамы ішкі және сыртқы факторларға байланысты екенін мәлімдеген Ұлттық банк басшысы соңғы уақыттарда орын алған жағдайларға дейін барлық экономикалық параметрлердің қалыпты болғанын (бірінші кезекте мұнайдың жоғары құны, сауда серіктестері елдеріндегі валюта тұрақтылығы) алға тартты, деп жазады Tengrinews.kz. Ақышевтың айтуынша, АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары ресейдің қор нарығында содан кейін валюта нарығында құбылмалыққа әкелді.
«Ресей біздің сауда серіктесіміз, Ресейде орын алып жатқан жағдайлар Қазақстанға әсер етеді»,
– дейді Ұлттық банк басшысы.
Соңғы екі күнде рубль долларға қатысты шамамен 10 пайызға құнсызданғанын алға тартқан Ақышев теңге соңғы үш күнде таңғы сессияның есебімен шамамен 3 пайызға құнсызданғанын атады.
«Теңге рубльге байланысты емес. Иә, біз тәуелдіміз, бірақ байланысты емеспіз»,
– дейді Ұлттық банк басшысы.
Сондай-ақ Ақышев Қазақстан тікелей де, жанама тұрғыдан алып қарағанда да санкцияға түспейтінін атап өтті.
«Иә Ресей рублі маңызды, бірақ ол (рубль-ред) жалғыз фактор емес, мұнай нарығында не болып жатқанына назар салыңыздар – кешегі күннен бастап ол (мұнай-ред) бір баррелі үшін 70 доллардан асады. Бізде жоғары экономикалық өсім сақталуда, бізде төлем қабілеті жақсы, инфляция төмендеп жатыр. Бұл жағдайда теңге рубльге тікелей пропорционалды байланыста әсер етпейді»,
– деп мәлімдейді Ұлттық банк басшысы.
Ресей Федерациясына қарсы санкциялардың күшейтіліп немесе өзгеруі мүмкін екендігін тілге тиек еткен Ақышев теңге аталған өзгерістерге байланысты ауытқуы мүмкін екендігін алға тартты.
Ақышевтың сөзінше, валюта айырбастау пунктерінде шетел валюталары мен теңге жеткілікті. Ұлттық банк айырбас бағамына қатысты болжам бермейтінін алға тартқан Ұлттық банк басшысы ауытқу (валютаның-ред) әр бағытта мүмкін екендігін атап өтті.
9 сәуірде шетел валютасының орташа құны 320 теңгеге жетті. Бір күннің ішінде шетелдік валюта 14 теңгеге қымбаттады.
Ұлттық валюта бағамы 11 сәуір таңғы сауда-саттықта 330,68 теңгені құрады.