Келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қырғызстан төрағалық етеді. Бұл туралы Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Сяо Цинхуа 23 мамырда журналистермен жүздесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Акиpress.
Қытай елшісі маусым айының басында ҚХР-да өтетін ШЫҰ саммитіне қатысты сөз қозғады.
Сяо Цинхуаның айтуынша, аталған саммитке дайындық қызу жүруде. «Бұрын ШЫҰ-ға 6 мемлекет мүше болса, қазір Үндістан мен Пәкістан қосылды. Аталған мемлекеттер ұйымға мүше болғаннан кейін, ШЫҰ дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты», – дейді Қытай елшісі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 ж. Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім (Шанхай қаласы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылды.
Ұйымның негізгі мақсаттары – 2002 ж. 7 шілдеде қабылданған ШЫҰ Хартиясына сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау.