Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті. Кездесу барысында Ли Чжаньшу Қытайдың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының атынан Қазақстан президентіне ілтипат білдіріп, мемлекеттік сапар аясында жүргізілген келіссөздердің жемісті болғанына тоқталды және солардың нәтижелері бойынша қол қойылған құжаттар қазіргі кезеңдегі екі жақты қатынастардың нақты даму жоспарын айқындағанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Сіз – біздің халқымыздың нағыз досысыз, ал мен үшін ең құрметті мемлекет қайраткерлерінің бірісіз», – деген Ли Чжаньшу Қазақстанның мемлекет басшысының арқасында әлемдегі және өңірдегі беделінің артып келе жатқанын алға тартты.
Сіз халық арасынан шықтыңыз, оның арман-мүддесін білесіз және ұзақ жылдар бойы Қазақстанды табысты даму жолына бастап келесіз. Сіз – қытай халқы үшін қаһарман тұлғасыз және біздер – басшылар үшін үлгі саналасыз. Сіздердің достарыңыз әрі көршілеріңіз ретінде Қазақстанның жетістіктері үшін шын жүректен қуаныштымыз,
– деді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы.
Өз кезегінде Қазақстан президенті Ли Чжаньшудің жылы лебізіне алғысын жеткізіп,
Мен сізді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуыңызбен құттықтаймын және зор табыс тілеймін
-деді.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің парламентаралық ынтымақтастығы мәселелерін талқылау сәтінде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ХІХ съезінде қабылданған және елдегі тұрақтылықты қолдауға, сондай-ақ қойылған міндеттердің орындалуына бағытталған шешімнің Қытай үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
“Қытай экономикасы орасан зор жетекші ел”
Сонымен қатар, Н. Назарбаев Қытай мемлекетінің 40 жыл бойы қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолымен келе жатқанын және соның барысында әлемдік деңгейдегі жетістікке қол жеткізгенін айтты.
Қытай бүгінде әлемдегі экономикасы орасан зор жетекші елдердің біріне айналды. Инновациялар жылдам енгізіліп, ғылым саласына тартылған инвестиция көлемі артуда. Елдеріңіз өз дамуының мүлде жаңа жолына қадам басты,
– деді мемлекет басшысы.
Атап өтерлігі, мемлекет басшысы Н. Назарбаев аспан асты елінің тарабының тілек білдіруімен Қытайда мемлекеттік сапарда жүр. Сапар барысында мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген келіссөздер жүргізіп, келіссөз қорытындысы бойынша қос мемлекет басшылары бірқатар мәмілелерге қол жеткізді.
Сафина Саид