Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына ресми сапары барысында шығынсыз сумен қамтамасыз ету қондырғыларында бекіре тұқымдас балық өсіруге маманданған кәсіпорынға, «Силумин-Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне және «№1 Өскемен қалалық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Роботтандырылған хирургия орталығына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Елбасы Өскемендегі «OstFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмыс сапары аясында балықтың бекіре тұқымынан уылдырық алудың технологиялық үдерісімен танысты.
Сондай-ақ, Назарбаев «SV» өнеркәсіптік жабдықтарын шығаратын «Силумин-Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын құрылыс пен инфрақұрылым, машина жасау, энергетика, металлургия, тау-кен және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларында инжинирингтік қызмет көрсету ісіне маманданған.
Кәсіпорынды аралау барысында Мемлекет басшысына құбыр жүргізу кезінде қолданылатын арматураларды, насостық құрал-жабдықтарды, электротехникалық өнім мен блокты-модульдік ғимараттарды дайындау үдерісі таныстырылды.
Елбасының «№1 Өскемен қалалық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының базасында құрылған Қазақстандағы тұңғыш Роботтандырылған хирургия орталығына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысына заманауи операциялық-цифрлық кешеннің жұмысы мен оның даму перспективалары жөнінде баяндалды.