ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі өндірістік кәсіпорындарды аралады. Екібастұздағы көмір өнеркәсібі кіәсіпорнына барып, жаңа жылыту маусымына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды, Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, сапар барысында бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын аралау көзделген. Премьер-Министр олардың мысалында Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдаулары, «Бес әлеуметтік бастамасы», сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында алға қойған міндеттерінің орындалу барысымен танысады.
Жалпы өңір бойынша жұмыс сапары Екібастұз қаласынан басталды. Мұнда Премьер-Министр «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ (ERG) құрамына кіретін «Восточный» көмір разрезін аралау барысында өңірдің 2018/19 жж. жылыту маусымына дайындығымен танысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұ. Жазылбек осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша көмір өндіру көлемінің 3,5%-ға өскені байқалатынын айтты. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының қажеттіліктеріне жұмсалатын көмір қоры шамамен 120 000 тоннаны құрайды. Облыстың қалалары мен аудандарының отын базаларында халыққа арналған шамамен 18 000 тонна көмір бар. Қазіргі таңда облыста көмір тапшылығы байқалмайды, көмір — еркін сатылымда. Халыққа көмір жеткізумен 300-ден астам жеке кәсіпкер айналысады. Жеткізу алшақтығына, түріне және сұрыпына қарай көмірдің бөлшек құны бір тоннасына 6700 теңгеден 17000 теңгеге дейін, соның ішінде тасты түрі тоннасына 6700–10 500 тг аралығында және қоңыр көмір 11 500–17 000 теңгеге дейінгі аралықта сатылады.
Әлеуметтік саланың қазандық нысандарына қалалар мен аудандардың әкімдіктерінің бюджеттерінде 183,3 мың тонна көлемінде қатты отынды сатып алуға 1,376 млрд теңге сомасында қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда тұтыну орындарына 176 мың тонна жеткізілді. 20 орталық қазандыққа 47,7 мың тонна көмір жеткізілді. Көмірді жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес орындалып жатыр.
Нысанды тексеру барысында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ президенті В. Гриненко Қазақстанда өндірілетін энергетикалық көмірдің 20%-ға жуығы «Восточный» көмір разрезінің үлесіне тиесілі екенін жеткізді. Мұнда әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет шектеулі көлденең қуаты бар көмір қабаттарының еңіс жайғасуы кезінде үстіңгі технологиялық кешенге конвейерлік көлікпен көмірді өндірудің толассыз технологиясы жобаланып, енгізілді. Көмір өндірумен қатар, оны тұтынушыларға жібергенге дейін ол өңдеуден өтеді.