Елбасы Шерхан Мұртазаның туыстарына көңіл айтты

0
99
Шерхан Мұртаза

Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдап, туған туыстары мен жақындарына көңіл айтты. 

«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.

Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты.

Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.


Шерхан Мұртаза дүйсенбі күні кешкі сағат 18:30 шамасында Алматы қаласындағы үйінде ауыр науқастан қайтыс болды.

Жазушы 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз