Астананың Мega silk way ойын сауық орталығында отандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған «D10 WORLD» көрмесі ашылды.
Денистің құрметіне арналып өткізіліп жатқан көрмеде мәнерлеп сырғанаушының шығармашылық бағыттағы жеке жұмыстарын, спорттық сайыстарда түсірілген суреттерін және оның әріптестері мен достары ұсынған бейнежазбаларын тамашалауға болады.
Көрменің ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық конькишілер федерациясының президенті Болат Жәмішев, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Дэ Сик және әнші Ерлан Көкеев пен Денистің ата-анасы, достары туған туыстары қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көрменің ашылуы аясында сөз сөйлеп «Бүгінде көптеген адамдар Дениске деген сағыныштарын білдіріп жатыр. Мәселен, осы қараша айында әнші Димаш Құдайберген Денис Тенге ән арнайтынын айтып өтті. Сол секілді өзіміздің танымал композитор, әншіміз Ерлан Көкеев те Дениске арнап композиция жазды. Денистей жарқын тұлғаның біздің арамызда өскеніне қуанамыз және бүгін оны ел болып сағынып отырмыз. Денис Тен ешқашан ешкімнің көңілін қалдырған емес. Оксана, (Денистің анасы – авт.) біз Денистің идеясын ары қарай дамыта береміз. Себебі оның жарқын жолы жас спортшыларға айқын үлгі болып отыр», –деді.
Көрме «Денис Тен қорының» бастамасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Қорды спортшының жақындары мен туыстары құрған. Оның мақсаты Денис Тен атындағы спорттық-білім беру бағдарламасын ұйымдастырып, дамыта отырып, Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау өнерінің, әсіресе балалар мен жастар арасында дамуына сүбелі үлес қосу. Сондай-ақ қор Денистің жеке жобаларын жалғастырып, мәнерлеп сырғанау академиясын ашуды көздеп отыр. Одан бөлек спортшының жазған сценарийі бойынша фильм түсіріп, Денистің әндерімен музыкалық альбом шығармақ. Бұдан бөлек оның әңгімелері мен өлеңдерінің жинағын басып шығару жоспарланған. Көрме 20 қарашаға дейін ашық болады.