Оқи отырыңыз: Португалияда Air Astana ұшағынан ақау шықты
15 қараша күні кешке Алматы-Астана бағытында көкке көтерілген Qazaq Air авиакомпаниясының ұшағы техникалық себептерге байланысты қайта қонды. Ақаудың бар екендігі ұшақ әуеге көтерілгенде ғана белгілі болған.
Ұшақтағы жолаушылардың айтуынша, келеңсіз жағдайдың шыққанын ұшқыш әуеге көтерілгеннен 20 минут өткен соң хабарлаған.
“Аспанға көтерілген соң 20 минуттан кейін ұшақ дірілдей бастады. Техникалық келеңсіз жағдайлар орын алды. Алайда, борт командирі тек 20 минуттан соң ғана белгі берді. Кейін, Алматыға қайта оралатынымызды айтты. Ұшақ үйлердің үстіне жақын ұшып, әуежайға кеп қонды. Бізді әуежайда төтенше жағдай қызметкерлері қарсы алды. Содан соң эвакуатор ұшақты біраз жерге сүйреді. Ұшақ толы еді, балалар да болды. Алайда ешқандай шу шыққан жоқ. Барлығы іштен тынып дұға етті. Әуежайға келгенде кейбір жолаушылар ұшуды жалғастырмайтынын айтты. Билет ақшасы тегіс қайтарылды”, – деді Данияр атты жолаушы tengrinews.kz сайтына.
“Ұшу тәртіп бойынша жүзеге асырылды, ал ұшақ толық техникалық тексеруден өткізілген. «Qazaq Air» авиакомпаниясының инженерлік қызметі жүргізген тексеру нәтижелері бойынша ұшуға рұқсат та берілген. IQ353 рейсінің жолаушылары бүгін таңғы сағат 07.00-де сапарды жалғастырды. Сондай-ақ, түтіннің жоқтығына және әуеде күрт өзгерістердің болмайтындығына сендіре аламыз”, – деді Qazaq Air компаниясының баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз:Шымкент-Дубай әуе рейсі ашылады