Шығыс Қазақстанда дүниеге үшем (үш егіз) әкелген Майра есімді бақытты ана нәрестелерімен үйге шықты. Бұл туралы Altaynews.kz сайты хабарлайды.
11 қазан облыстық «Ана мен бала» орталығында дүние есігін ашқан үш батырды бақытты ата-аналары Күршім ауданындағы Сарыөлең ауылына алып кетті. Күршімдік Майра мен Әзімбектің отбасында алты және үш жасар екі қыздан кейін дүниеге келген нәрестелерге үш жүздің құрметіне Ақарыс, Жанарыс және Бекарыс есімдері берілді.
Майраның айтуынша, төркінінде де, қайын жұртында да егіздер болғанымен, бірден үш баланың дүние есігін ашуы кездеспепті.
Үшемнің анасы Майра – педагог, ал әкелері Әзімбек жеке шаруашылықпен айналысады.
Нәрестелер өмірге табиғи жолмен келмесе де, дендері сау, салмақтары екі келіден асады. Облыстық «Ана мен бала» орталығы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Мажиринованың айтуынша, сәбилер енді аудандық дәрігерлердің қамқорлығында болады.
— Жыл сайын бізде тоғыз мыңдай нәресте өмір есігін ашады. Жыл басынан бері 81 егіз бала туды. Соңғы үш жыл қатарынан үшемдер келді дүниеге. Олардың барлығының денсаулығын біз қатаң бақылап отырамыз, — дейді Қарлығаш Мажиринова.
Көп балалы отбасына «Ана мен бала» орталығының дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері сый-сияпаттарын жасап, шығарып салды.