2018 жылы ғылымға бөлінетін қаражат – 43,7 миллиард – Назарбаев

0
96
Ақорда

21 қарашада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлайды. Жиын барысында отандық білім беру жүйесін биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдаудың бағыттарына сай одан әрі жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланды.

Біздің барлық даму жоспарларымызда ғылым саласына зор мән беріледі. Ғылымның жағдайы білім деңгейіне тікелей байланысты. Егер білім беру жүйесін оның алғашқы сатысынан бастап дамытпасақ, елеулі нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл үдерісте Білім және ғылым министрлігі басты рөл атқарады, – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс нәтижелеріне тоқталды.

Соңғы 2 жылда білім мен ғылым жүйесіне бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 22 пайызға өсіп, 2 триллион теңгеден асты. Мектепке дейінгі білім беру саласында 3–6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі 95 пайызға жетті. Орта білім беру ісінде оқушылардың 70 пайызы білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша оқытылуда. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 205 мыңнан астам мұғалімнің еңбекақысы 30 пайызға өсті. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 90 мың мұғалімнің жалақысы артады, – деді Н. Назарбаев.

Н. Назарбаев техникалық және кәсіптік бейіндегі 583 колледжде «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылып келе жатқанын айтып, жоғары білім беру саласында университеттердің академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту үшін заң қабылданғанын атап өтті.

Біз алдымызға студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөнінде мақсат қойдық. Жалпы, 2018 жылы ғылымға бөлінген қаражат көлемі 43,7 миллиард теңгені құрап отыр, – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы жоспарланған шаралар білім беру жүйесінің барлық деңгейінде – бастапқы сатыдан жоғары оқу орнында оқығанға дейін көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз