Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сирия шиеленісін реттеу бойынша келіссөздерге қатысып жатқан елдердің делегация жетекшілерімен кездесті. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуге келіссөзге қатысушы мемлекеттердің делегация жетекшілері қатысты: Ресей Федерациясы – Александр Лаврентьев, Түркия Республикасы – Онал Седат, Иран Ислам Республикасы – Джабери Ансари, бақылаушы елдер: АҚШ – Дэвид Саттерфилд, Иордания Хашимит Корольдігі – Уасфи Тель, БҰҰ-дан Стругар Милош.
– Сіздердің жұмыстарыңыз бар әлемнің назарында. Қаза болғандар мен қашқындардың көптігі барша адамзатқа орасан зор нұқсан келтірді. Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасы Президенттерінің өтініші бойынша, Қазақстан Астанада келіссөздер алаңын ұсынды, бүгін келіссөздердің жетінші раунды өтіп жатыр. Барлығы аталған процестің нәтижелілігін атауда, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана процесі Женевадағы келіссөздердің нәтижелілігіне әсер ететінін атап өтті.
– Сіздер бірнеше аймақтағы әскери деэскалация мәселелерін шештіңіздер. Әрі қарайғы механизмдер шешіліп, гуманитарлық жағдай жақсарды, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Астана процесіне қатысушы делегация жетекшілері де пікір білдірді.
– Жұмыс басталғалы біраз уақыт өтті. Қалыпты нәтижелер бар. Дэескалация аймақтары елдегі жағдайдың жақсаруына және үрдістің саяси тұрақтануына жағдай жасады. Астана процесі аясында біз қарулы қақтығыстардың тоқтауы режимінің сақталуын қамтамасыз етуге тырысамыз, – деп атап өтті Ресей Федерациясы делегация жетекшісі А. Лаврентьев.
Түркия республикасы делегация жетекшісі Онал Седат Астана келіссөздерінің маңыздылығын атап өтіп, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселені шешуде қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде Иран Ислам Республикасы делегация жетекшісі Джабери Ансари террорзиммен күреске баса назар аудару керектігін атап өтіп, Сириядағы қысым деңгейінің төмендеуі үшін бар жағдай жасалу қажеттігін алға тартты.
БҰҰ-ның бас эксперт-кеңесшісі Стругар Милош Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы белсенді қызметіне алғыс білдіріп, Сирия мәселесі бойынша саяси шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Қорытындыда Нұрсұлтан Назарбаев аймақта бейбітшілік орнатуда күш салып жатқандары үшін келіссөзге қатысушылардың барлығына алғыс білдірді.
– Кез келген келіссөз, диалог бұл – болашаққа бастайтын жол. Біздің барлығымыз бұл мәселенің бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз. Егер барлық елдер күш біріктіріп, ортақ коалиция құрмасақ, терроризмді жеңу мүмкін емес. біз келіссөздердің жалғасуы үшін барлық күш-жігерімізді саламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сабина Сайлаубай