18-20 ақпан аралығы Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 145 шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
СҚО Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының ұйымдастыруымен 18-20 ақпан күндері аралығында “Шетелдік” жедел профилактикалық шарасы өтті.
“Оның барысында базарлар, транзиттік автокөліктер, сондай-ақ шетелдіктер тығыз орналасқан аудандар тексерілді. Үш күн бойы өткізілген рейдтің нәтижесінде көші-қон полицейлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтап, 145 шетел азаматын жауапкершілікке тартты”, – делінген баспасөз хабарламасында.
145 шетелдіктің 138-іне Әкімшілік кодекстің 517-бабы (“Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы”) бойынша айып тағылды.
Сондай-ақ сот шешімімен ел аумағынан 6 шетелдік шығарылды. СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының басшысы Талғат Әбіловтің айтуынша, әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 518-бабына сәйкес шетелдiктердің болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамаған 57 қазақстандық жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, шетелдіктердің жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін еліміздің 6 азаматы жазаланды. Хабарламада айтылғандай, жалпы СҚО-да жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 376 шетел азаматы жауапқа тартылып, оның 17-і сот шешімімен ел аумағынан шығарылды.