ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Самарқанда Орталық Азиядағы қауіпсіздік және тұрақты даму халықаралық конференциясы шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрінің орынбасары Рашид Мередовпен әңгіме барысында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың сәуір айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуы және осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға жасаған жұмыс сапары талқыланды. Түркіменстан тарабын ҚР Сыртқы істер министрі жабық ғимаратта өткен жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарын сәтті өткізуімен құттықтады. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасының жұмысын мерзімінен бұрын аяқтауды талқылады.
Қазақстан мен Ауғанстанның сыртқы істер министрлерінің кездесуі барысында Қ.Әбдірахманов өз әріптесі Салахуддин Раббаниге ауған студенттеріне Қазақстан тарапынан жүзеге асырылатын білім беру бағдарламасы туралы хабарлады. Тараптар сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-ға төрағалық етуінде 2018 жылдың қаңтар айына жоспарланған «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігі үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында өтетін министрлер пікірталасын сөз қылды.
АҚШ Президентінің көмекшісі және Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аға директоры Лиза Кертиспен кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жолдары талқыланды.
Жоғары деңгейдегі және үкіметтік деңгейде алдағы кездесулерді дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Л. Кертис Құрама Штаттардың Қазақстанның гуманитарлық, техникалық және білім беру көмегі арқылы Ауғанстанды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчамен кездесіп, Орталық Азия аймағының мүдделерін алға жылжыту жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауы үшін алғысын білдірді. Қ. Әбдірахманов 2018 жылдың қаңтарына жоспарланған ҚР БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы аясында жоспарланған бірқатар іс-шараларға назар аударды.
БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі – БҰҰ-ның Ауғанстандағы көмек миссиясының басшысы Тадамичи Ямамотомен кездесуінде Ауғанстанды дамыту контекстінде халықаралық және аймақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Сабина Сайлаубай