Ойыл өзенінен бес тонна өлі балық табылған (видео)

0
104
Ауланған балықтар. Көрнекі сурет.

31 наурыз күні Қазақстанның энергетика министрлігі Ойыл өзенінен алдын ала мәлімет бойынша шамамен бес тонна өлі балық табылғанын хабарлады.

Облыстық энергетика, ауыл шаруашылығы департамент өкілдерінен құралған комиссия жасақталып, оқиға орнына барған. Балықтар пен су құрамынан сынама алынған.

Министрлік балықтардың қырылу себебін мамандар анықтап жатыр деп айтқанмен олардың қырылуына “өнеркәсіп әсер етті” деген нұсқаны жоққа шығарады.

“Ойыл өзені Атырау қаласынан 400 шақырым жерде ағып жатқандықтан өндіріс факторының су сапасына әсері жоқ” делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, Каспий мен Жайық өзендерінен алшақ орналасқан Ойыл өзенінің бастауы Мұғалжар тауының етегінен басталады, өзен балық шаруашылығы мақсатында қолданылмайды.

“Жүзден астам шақырым жерде “Сағыз Петролеум” мұнай-газ өндіру компаниясы жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен бірге өзеннен 25 қашықтық жерде “Фирма Ада” ЖШС геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. 2018 жылдың аяғында тәмамдаған” делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы мамандарының болжамы бойынша, балықтар өзеннің жоғары бетінде оттегі жетіспегендіктен қырылған болуы мүмкін. Оқиға себептері анықталып жатыр.

Министрлік өзеннің Ақтөбеге жақынырақ бөлігінен балықтың қырылуы байқалмағанын жазған. Ақтөбе облыстық экология департаменті мен “Қазгидромет” мамандарынан жасақталған топ Ойыл өзенін бақылауға кеткен.

Министрліктің жазуынша, жергілікті атқару органдары тұрғындардың көмегімен өлген балықты жинау мен жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Көкмешіт маңындағы өзенде балық қырылып жатқаны туралы видео тараған еді. Видеодан өлген балықтардың (көбі мөңке) өзен жағасына шығып қалғаны көрінеді.

Азаттық радиосының хабарлауынша, балықтардың жаппай қырылуы былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырауда 7-11 наурыз күндері Жайық өзенінен 3,1 тонна өлі балық жиналғанын хабарлаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз