Батыс Қазақстан облысындағы Қарасу тоғанында 3 тоннадан аса балық “оттегінің жетіспеуінен” қырылып қалған. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
5 сәуір күні желіде Қарасу тоғанында жаппай балық қырылып қалғаны айтылатын видео пайда болған.
Ділдахметтің хабарлауынша, 3,15 тонна балық қырылған.
“Қырылған балық түрі – табан. Өлген балықтар көмілді. Алдын ала дерек бойынша, балықтардың қырылуына суда оттегінің жетіспеуі себеп” дейді министрлік өкілі. Оның айтуынша, тоғанда мұндай жағдай екі жыл бұрын көктемде болған.
Министрлік өкілінің сөзінше, еріген қар суымен толатын Қарасу тоғанының ұзынды – 5 шақырым, ені – 40-45 метр, тереңдігі орташа – 1 метр. Тоған суы ішуге жарамсыз, тұрғындар оны тұрмыстық мақсатта – малды, егінді суару үшін пайдаланады.
Батыс Қазақстанда балықтардың жаппай өлуі былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады.
Атырау билігі 2018 жылдың желтоқсанынан бері өзен-суларды 121 тонна өлі балықтан тазартқанын айтқан. Өлексенің 103 тоннасы бекіре зауыттарынан шыққан.
Атырау облыстық полиция департаменті былтыр балық қырылуына байланысты “Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу” (336-бап) және “Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу” (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғаған.