Экологтар Жайық өзенінің неден ластанғанын анықтады. Бұл туралы “Астана” телеарнасы хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, Чапаев аумағына мұнай төккен екі компания енді 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Екі кәсіпорын қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін де айыпталып отыр.
“Эсторал” серіктестігі және “Қазақстан су жолдары” Республикалық мекемесінің оралдық бөлімшесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы екі фирманың Чапаев затоны аумағындағы өзен суын мұнай қалдықтарымен ластағаны анықталды. Олар кінәсін мойындап, кепілдік хат жазды, кемшілікті түзеуге уәде берді”, – дейді БҚО Экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев.
Еске салайық, 14 сәуірде жергілікті тұрғындар өзен суынан мұнай қалдықтарын байқап, дабыл қаққан еді. Судан жанар-жағармайдың иісі шығатынын айтқан, өзен суының бетіне үлкен майлы дақ жайылған болатын. Осыдан кейін құзырлы органдар тексеру жұмыстарын бастаған. Мамандар суға мұнай төгілуі мүмкін деген күдікпен 6 кәсіпорынды тексерген. Толық химиялық талдау жасау үшін ластанған аумақтан су мен топырақ сынамалары алынды. Осылайша екі компанияның көрсеткіштері қалыпты мөлшерден жоғары екендігін анықталып отыр.