Нұр-Сұлтанда жауған қар 56 жыл бұрынғы рекордты қайталады. Бұл туралы “Қазгидромет” РМК синоптиктеріне сілтеме жасап Нұр-Сұлтан қоғамдық даму істері жөніндегі басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
“2020 жылдың қаңтары қалың жауған қарымен, ақтүтек боранымен, желімен және ерекше жоғары температурасымен ерекшеленді. Нормадан 6 градусқа жоғары. Норма -14 градус. Сонымен қатар, бұл күндері жауын-шашын көлемі 50 мм көрсетіп тұр. Бұл ретте норма 16 мм. Қазірдің өзінде үш айлық жауын-шашын түсті. Көп жыл бұрынғы ақпаратпен салыстырар болсақ, мұндай қалың қар 56 жыл бұрын 1964 жылы жауған екен, 51 мм”, – деп хабарлады “Қазгидромет” РМК қысқамерзімді ауа райы болжамы басқармасының бастығы Алуа Саханова.
Консультативті болжам бойынша ақпан айында орташа айлық температура мен жауын-шашын көлемі норма шамасында болады деп күтіліп отыр. Жауын-шашын нормасы 15 мм. Ал температура -14 градус.
“Бір ай бойына жиі қар жауып, боран соғатын болады”, – деді Саханова.
ҚДІБ хабарлағандай, 28 қаңтарда қарды тазалау мен шығаруға 1159 бірлік арнайы техника мен 1435 жол жұмысшы жұмылдырылған.
“29 қаңтарға қараған түні 1210 бірлік арнайы техника мен 142 жол жұмысы тартылған. Бүгін қаланың коммуналды қызметі 25 391 текше метр қар шығарды, бұл 2115 рейс. Жалпы 2 568 790 текше метр қар шығарылған (214 065 рейс)”, – деді басқарма.