Сот “403 млн теңге жымқырды” деп айыпталған шенеунікке 4,5 млн теңге айыппұл салды

0
90

Шымкент соты “Қызметін дұрыс орындамай, ақша жымқырды” деп айыпталған Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры Асылжан Жамалбековке айыппұл салып, үш жыл мемлекеттік қызметтен шектеді. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Айыптау актісіне сай, Асылжан Жамалбеков 2015-2017 жылдары Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығын басқарып тұрғанда топ құрып, жұмыссыздарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындап, ол ақшаның жартысын өздері алып отырған. Тергеудің дерегінше, екі жылда бұл топ мемлекетке 403 миллион теңге шығын келтірген.

Әл-Фараби аудандық соты “елге 403 млн теңге шығын келтірді” деп айыпталған Жамалбековке 4,5 миллион теңге айыппұл салды. Соттың пайымдауынша, Асылжан Жамалбеков бұл істі “абайсызда жасаған” және бұл әрекет аса ауыр қылмыс емес. Сот шешім шығарарда оның кінәсін мойындағанын, үш баласы барын ескерген.

Сот үкімі күшіне енген жоқ. Екі тараптың апелляцияға шағым түсіруге құқығы бар.

Қазақстанда жемқорлық және ақша жымқыру айыбымен шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады. Қазір билік жемқорлықпен сотталғандарды шартты жазамен босатуға шектеу қою жағын қарастырып жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз