Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты

0
167
Мұхтар Жәкішев. Photo: abai.kz

3 наурызда “Қазатомөнеркәсіп” компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шықты. Семей қалалық №2 соты Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте босату туралы үшінші өтінішін қанағаттандырды.

Сот шешімі бойынша, Мұхтар Жәкішев “пробациялық бақылауға алынады, жаза мерзімі толық аяқталмайынша Қазақстан аумағынан шығарылмайды”.

Сот отырысына Қазақстанның әр түкпірінен қоғам белсенділері мен Мұхтар Жәкішевті қолдаушылар жиналған. Азаттық сайтының хабарлауынша, олар сот басталмай тұрып залда Мұхтар Жәкішевке бостандық сұрап, ұрандатты. Сотқа Мұхтар Жәкішев скайп арқылы қатысты.

Былтыр 24 шілдеде Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Семей соты “Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (қазіргі курспен 258 миллион доллар) шығынды өтемегенін” айтқан.​ Қыркүйек айындағы апелляциялық сот бұрынғы шешімді өзгертпеді.

Мұхтар Жәкішевті саясаттанушылар “білікті менеджер” деп санайды. Ол 2009 жылы мамырдың 21-іне “Қазатомөнеркәсібі” компаниясының басшысы қызметінен алынып, мамырдың 24-іне тұтқындалған. “Венада (Австрия) “Қазатомөнеркәсіп” компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген” деген айыппен 14 жылға сотталған.

Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз